Мемлекет басшысы Қасым - Жомарт Тоқаевтың "Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары" атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айқындалған ел дамуының басым бағыттары – еліміздің өркендеуі мен мемлекеттің дамуына, ұлт болашағына, ең бастысы, халық тұрмысының артуына кеңінен жол ашатыны анық.
Президент аталған Жолдауда: "Қолға алған шаралар нәтижесінде билік тармақтары арасында тиімді тепе - теңдік орнады. Басқару жүйесі ықпалды Парламенті бар Президенттік республика үлгісіне көшті. Елімізде "Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет" тұжырымдамасы барынша орнықты. "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" қағидатын нақты іске асыруымыз қажет", - деп атап өтті.
Еліміздің даму үрдісінен қасиетті Жуалы ауданы да қалыс қалып жатқан жоқ. Тәуелсіздік жылдарында ауылдарымыз қайта түлеп, тұрғындардың да тұрмыс - тіршілігі біршама түзелді деуге болады. Аудан дамудың даңғыл жолына түсіп, тұрғындар мемлекет тарапынан қабылданған бағдарламалардың шапағатын шын мәнінде сезіну үстінде. Күні кешегі өтпелі кезеңдегі өндіріс тұралаған 1996 жылы ауданның ауыл шаруашылығы саласында 1,9 миллиард теңгенің өнімі өндірілсе, "Ауыл жылдары" бұл көрсеткіш екі еседен астамға өсіп отыр.
2023 жылы аудан бюджетінің кірістері – 6 686 026,0 мың теңгені құрады. Оның ішінде: Салықтық түсімдері - 2 435 773,0 мың теңге,салықтық емес түсімдері - 25 000,0 мың теңге, негізгі капиталды сатудан түсетін түсімдер - 53 000,0 мың теңге, трансферттердің түсімдері - 4 172 253,0 мың теңгені құрайды.
2023 жылдың қаңтар - шілде айларының қорытындысымен ауданның қаңтар - тамыз айларындағы негізгі әлеуметтік - экономикалық көрсеткіштерінің орындалуына келсек, ауданның жалпы өңірлік өнімі ағымдағы жылдың 8 айында 45 млрд 985 млн 900 мың теңгені құрап, 2022 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда,(43 млрд. 735 млн. 500 мың теңге) 5,1% - ға артып отыр.
Қаңтар - шілде айлары аралығында өнеркәсіп өндірісінің көлемі 85,5% (9 577,5 млн.теңге) деңгейінде қалыптасты.Қаңтар - тамыз айларында 85,9 немесе 11 119,7 млн теңге көлемінде орындалды.
Ауыл шаруашылығындағы нақты көлем индексі қаңтар - шілде айларында 100,4% деңгейінде немесе (16 820,5 млн теңге) көлемінде орындалды. Қаңтар - тамыз айларында 103,8% - ға немесе 26 238,9 млн теңге көлемінде орындалды.Оның ішінде, өсімдік шаруашылығына 108,1% (8 125,8 млн теңге) және мал шаруашылығына 101,8% (18 107,4 млн теңге) тиесілі.
Ал негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі қаңтар - шілде айларында 3 116,8 млнтеңге немесе 62,2% деңгейінде қалыптасқан. Қаңтар - тамыз айларында 5 651,4 млн теңге немесе 174,2% деңгейінде орындалды.
Құрылыс көлемі қаңтар - шілде айларында 2 327,7 млн теңге немесе 101,0% - ға орындалған. Қаңтар - тамыз айларында 2 728,9 млн.теңге немесе 100,4% - ға орындалды.
Пайдалануға берілген тұрғын үйдің көлемі қаңтар - шілде айларында 8 641 шаршы метр немесе 91,7% - ға орындалып отыр. Қаңтар - тамыз айларында 11 799 шаршы метр немесе 104,2% - ға орындалды.
Бөлшек сауда айналымының нақты көлем индексі қаңтар - шілде айларында 2 627,2 млн теңгеге немесе 108,0% - құрап отыр, қаңтар - тамыз айларында 2 983,2 млн теңгеге немесе 107,9% - ға орындалды.
Ауылды дамыту ісінде және тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы жағдайлар жасау жұмысында "Ауыл – Ел бесігі" бағдарламасының маңызы өте зор. Атап айтқанда, бағдарламаның аясында ауданға қарасты ауылдық округтерде автомобиль жолдары жөнделіп, мәдениет үйлері бой көтеру үстінде. 2022 жылы "Ауыл – Ел бесігі" бағдарламасының аясында - 72 377,0 мың теңге қаржыға бірнеше шақырым автомобиль жолына орта жөндеу жұмыстары жүргізілсе, бұл бағыттағы жұмыстар биыл да өз жалғасын тауып отыр.
2023 жылы ауданда "Ауыл – Ел бесігі" бағдарламасының атқарылу барысына келетін болсам, биыл аталған бағдарламаның аясында жалпы көлемі 714 729,0 мың теңге қаржыға жалпы ұзындығы – 27,7 шақырым автомобиль жолына орта жөндеу жұмыстары сапалы атқарылды. Атап айта кетсем, бағдарламаның аясында Қарасаз, Жетітөбе, Ақтөбе ауылдық округтерінде және Жуалы ауданының орталығы саналатын Бауыржан Момышұлы ауылының көшелеріне орта жөндеу жұмыстары жүргізіліп, тұрғындардың игілігіне пайдалануға берілді.
"Ауыл – Ел бесігі" бағдарламасының басқа салаларда да орындалуы тұрақты бақылауда. Биыл өңірдің білім саласында Бауыржан Момышұлы ауылындағы Ш.Мұртаза атындағы №1 мектеп - гимназиясына қосалқы ғимарат ретінде шеберхана және акт залының жапсаржайын салу жұмыстарына 235 623,0 мың теңгені құрайтын жоба жүзеге асырылу үстінде. Спорт саласына келсек, Жетітөбе ауылдық округінің орталығы Кәріқорған ауылындағы спорт мектебінің ғимаратын қайта жаңғырту жұмыстарына 99 172,0 мың теңге қарастырылып, келісім - шартқа сәйкес, "Bek stroy 2010" ЖШС құрылыс жұмыстарын ағымдағы жылдың шілде айында бастап, қазіргі таңда құрылыс басында жұмыстар кестеге сәйкес жүргізілу үстінде.
Одан бөлек, тұрғындардың көп жылдан бергі сұранысы бойынша биыл ауданға қарасты Мыңбұлақ ауылдық округінің Көлбастау ауылында 149 орындық мәдениет үйінің құрылысы басталды. Оған бағдарламаның аясында 227 229,0 мың теңге қарастырылған. Сондай - ақ Б.Момышұлы ауылындағы "Достық" мәдениет үйінің жанынан жапсарлас құрылыс салу жұмыстарына 63 894,0,0 мың теңге қарастырылып, мұнда да құрылыс жұмыстары қарқынмен жүргізіліп жатыр.
Аудан тұрғындары тұрмысының сапасын артыру мәселесі де жергілікті атқарушы органның тұрақты бақылауында тұрған аса маңызды мәселенің бірі. Олай болатыны, Мемлекет басшысы Қасым - Жомарт Тоқаев халықтың, оның ішінде, ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру және тұрмыстың жайлылығын қамтамасыз етуді атқарушы органдарға қатаң тапсырып отыр.
Ауылдарға, оның ішінде, аудан орталығынан шалғай орналасқан ауылдарға ауызсу құбырларын тарту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бұған дейін таулы аймақтағы Боралдай және Қошқарата ауылдық округтеріне толықтай ауызсу құбыры тартылса, биыл ауданда 2022 жылдан 2023 жылға өтпелі болғанүш ауылдағы, атап айтқанда,Кәріқорған, Тасбастау және Бәйтерек ауылдарындағы ауызсу жүйелерінің құрылыс жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілді. Сонымен қатар, аула және тұрғындар саны аз үш елдімекендер – Әбдіқадыр, Қызтоған және Қаратас ауылдарының ауызсу жүйелеріне ағымды жөндеу жұмыстары жүргізіліп, аталған ауылдардың тұрғындары да таза ауызсумен толықтай қамтылды.
Ауданда барлығы 49 елдімекен бар болса,бүгінгі күнге оның 42 - сі ауызсумен толықтай қамтамасыз етіліп, қамту көрсеткеші - 85,7 пайызды құрап отыр.Одан бөлек,өңірде орталықтандырылған ауызсумен қамтылмаған Түктібай және Ақтөбе ауылдарына таза су тарту үшін жобалық - сметалық құжаттама әзірленіп, республикалық бюджетке өтінім берілді. Сәтін салса, бұл бағыттағы жоспарлы жұмыстар 2024 жылы атқарылмақ.
Тұрмыстық игіліктің маңыздыларының бірі – табиғи газ екені белгілі. 2022 жылы Қошқарата ауылының кварталішілік газ тарту жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілді. Нәтижесінде, аудан бойынша 45 елдімекен табиғи газбен қамтылып, қамту үлесі 91,8 пайызды құрады.
Ендігі кезекте табиғи газбен қамтылмаған 314 ауласы бар Билікөл ауылдық округіндегі төрт ауылға кварталішілік газ тартуға жобалық - сметалық құжаттамаәзірленіп, магистральды газ тарту желілерінің құрылысымемлекеттік сараптамадан өткізілу үстінде.
Тұрғын үйге мұқтаж тұрғындардың санатын баспанамен қамтамасыз ету жұмыстары да жүйелену үстінде. Бұл ретте былтыр мемлекеттік тұрғын үйдің кезегінде тұрған 18 азаматтың отбасы баспанамен қамтылды. Биыл да аудан орталығында 18 пәтерлі көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілу үстінде.
Қазіргі таңда ауданда егін жинау жұмыстары, оның ішінде, масақты дәнді дақылдардың орағы толығымен аяқталды. Биыл ораққа түскен барлық егін алқабының көлемі – 39 233 гектарды құрады. Оның ішінде, күздік бидай - 10 107 га, жаздық арпа - 28 970 га және дәндік жүгері 156 гектар. Бүгінгі күнге орылғаны - 39 077 гектар (100 пайызды құрайды). Орташа өнімділік әр гектардан 12,7 центнерді құрап, жалпы түсім - 49 628 тоннаны құрады. Биылғы ауа райының қуаңшылығына қарамастан жуалылық шаруалар өнім алудан облыс көлемінде көш бастап тұр.
Қазіргі таңда ауданда дәстүрлі күзгі дала жұмыстарымен қатар, картоп және бақша дақылдарының жиын - терін жұмыстары қызу жүргізілуде. Биыл аудан диқандары жалпы көлемі – 2 723 гектарға картоп, 728,6 гектарға көкөніс және 12 гектарға бақша дақылдарын егіп, баптады. Ел ырысын еселеу, қамбаны алтын дәнге толтыру мақсатындағы жергілікті шаруалар мен диқандардың ерен еңбегі – ел дамуына қосылған ортақ үлес болып саналады.
Мәдениет саласы халықтың рухани дамуына ерекше әсер ететіні белгілі. Сондықтан өңірде мәдени - рухани іс - шаралардымазмұнды ұйымдастыру – басты назарда.
Ағымдағы жылы Төле бидің 360 жылдығы, күйші - композитор Қ.Сағырбайұлының 220,Қазақстанның Халық әртісі Б.Римованың 100, жазушы О.Бөкейдің, ақын, Алаш қайраткеріМ.Жұмабаевтың, композитор Ә.Бейсеуовтың, актер Т.Жаманқұловтың мерейтойларына орай өткізілген іс - шаралар жас ұрпақтың рухани байлығын арттырғаны анық.
Биыл қасиетті өңірдің өміріндегі маңызды мереке ретінде Жуалы ауданының құрылғанына 95 жыл толған мерейтойынаорай жалпы 35 іс - шара жоспарланып, барлығы жоғары деңгейде өткізілді. Жалпы мәдениет саласын дамыту мақсатында өңірде 670 іс - шара өткізілді.
Аудан дамуындағы басқа да салаларда айтарлықтай жетістіктер бар. Алда атқарылатын жұмыстар одан де көп. Ең бастысы, мемлекеттің көмек - қолдауымен және халықтың ауызбіршілік, ынтымағының нәтижесінде айтулы табыстарға жететінімізге кәміл сенемін!
Жалғас МҰРТАЗА
Жуалы ауданының әкімі
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram - арнамызға жазылыңыз!