Жітіқарада үйі өртеніп, бес баласынан айырылған әйел сотталды

Қостанай облысы Жітіқара аудандық соты өрт салдарынан қаза тапқан бес баланың өліміне қатысты қылмыстық істі қарады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Сот нені анықтады?

Сотталушы балаларын қараусыз қалдырып, үлкен ұлына үйдің іші салқындаған жағдайда пешке от салуды тапсырған. 

Ұлы пеште отын, көмір және тұрмыстық қоқыстарды жаққан, сондай-ақ пеш жанында белгісіз сұйықтықпен жатқан пластикалық бөтелкені отқа салады. Нәтижесінде пештегі жалынның жанып, өртке айналуына себеп болды. Өрт салдарынан бес бала қайтыс болды. 

Сотталушының кінәсі оның мойындау айғақтарымен, куәгерлердің айғақтарымен, оқиға болған жерді тексеру хаттамасымен және сот сараптамаларының қорытындыларымен дәлелденді. 

Тараптардың ұстанымдары 

Прокурор сотталушыға шартты түрде 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. 

Жәбірленушінің өкілі (аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі) сотталушының асырауында жас баласы болуына орай бас бостандығынан айыруға байланысты емес жаза тағайындауды сұрады.  

Сотталушы өз кінәсін толық мойындады, істеген ісіне өкініп, оны бас бостандығынан айырмауды өтінді. 

Сот шешімі 

ҚК 292-бабы 3-бөлігінің санкциясы баламасыз жазаны - 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді.  

ҚК-нің 11-бабының 3-бөлігіне сәйкес жоғарыда аталған қылмыс абайсызда жасалған орташа ауыр қылмыстар санатына жатады. 

Жазаны жеңілдететін жағдай - бұл шын жүректен өкінуі және жас баласының болуы, ауырлататын жайт анықталмаған. 

"ҚК-нің 55-бабының 2-бөлігіне сәйкес жеңілдететін және ауырлататын мән-жайлар болмаған кезде жаза мерзімі ҚК-нің бабында көзделген ең жоғары мерзімнің 1/2-нен аспауға тиіс. Осыған байланысты сот 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады және ҚК-нің 74-бабының негізінде жас баланың болуына байланысты жазаны орындау кейінге қалдырды", - делінген сот үкімінде. 

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз