Қазақстан мен Корея Республикасының президенттері шағын құрамда келіссөз жүргізді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қасым-Жомарт Тоқаев Корея Республикасына сапармен келуге шақырғаны үшін Ли Чжэ Мёңге ризашылығын білдірді.
"Корея Республикасы - Қазақстанның стратегиялық серіктесі. Халықтарымызды ертеден берік достық пен өзара түсіністік, тығыз мәдени-гуманитарлық қарым-қатынас байланыстырады. Елдеріміздің арасында тек достық орнаған, ешқандай дау жоқ. Алдымыздағы мақсат - екіжақты қатынастарды одан әрі дамыту. Бүгін таңертең жақсы бизнес форум өтті. Менімен бірге Кореяға үлкен бизнес делегация келді. Әртүрлі салада өте тартымды жобалар жүзеге асырылып жатыр. Жоспарымыз да өте мықты. Оның ішінде Alatau City жобасын одан әрі дамыту мәселесін жіті талқыладық. Бұл - өте қажет және маңызды жоба. Біз оған үлкен мән береміз. Қала мәртебесіне қатысты ережелерді Конституциямызға енгіздік. Заң тұрғысынан корейлік компанияларға барлық кепілдік беріледі. Қазақстанда корей ұлтының 120 мыңнан аса өкілі тұрады. Оларға барлық жағдай жасалған, корей диаспорасы - қоғамымыздың белсенді мүшелері", – деді Президент.
Мемлекет басшысы корей генералы Хон Бом Доға арнайы тоқталды.
"Хон Бом Доның тарихымен жақсы таныспын. Ол – нағыз қаһарман, отансүйгіш тұлға. Оны жадымызда сақтау үшін өзара парасатты іс атқардық деп айтуға негіз бар. Бұл оқиғаға жүз жылдан аса уақыт өтіп кетсе де, корей халқы өз генералын ұмытпағаны - таңғаларлық жайт. Батырды есте қалдыру үшін оның сүйегін отанына қайтарып, азаматтық парызымызды орындадық", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент екі елдің түрлі бағыттағы ықпалдастығының қазіргі жай-күйі мен келешегін жоғары бағалады.
"Екіжақты қарым-қатынасқа тоқталсақ, сапар барысында 19 миллиард доллар болатын коммерциялық келісімдерге қол қойылды. Корей инвесторларының жұмысына көңіліміз толады, алдағы уақытта да осы бағыттағы байланыстарды жалғастырамыз. Қонақ үй, мұнай өңдеу зауытын салу және қала құрылысы бойынша жақсы жоспарларымыз бар. Әсіресе, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтуға ден қоямыз", – деді Мемлекет басшысы.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз