ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысы барысында 2017-2020 жылдарға арналған Өнімді жұмыс және жаппай кәсіпкерлік бағдарламасын жүзеге асыру аясында ҚР Білім және ғылым министрлігінің есебі қаралды. Бұл туралы primeminister.kz хабарлады.
Ерлан Сағадиев министрліктің бағдарлама аясында еңбек нарығының талаптарын ескерумен техникалық және кәсіптік білімі бар кадрлар даярлауды іске асыруға жалпы үйлестіру мен мониторинг жүргізетінін баяндады. Мәселен 2017-2021 жылдар аралығында аталған бағыт бойынша бағдарлама аясында 320,5 мың адам тартылады.
Сонымен қатар аймақтарда кадрлар даярлауға үміткерлер тізімін құратын 1 844 мобильді топ құрылды. 586 біліктілік бойынша жұмысшы кадрларын (сервис және қызмет көрсету, техникалық, технологиялық, ауыл шаруашылығы) даярлау үшін 317 білім беру ұйымы мен 271 басымдықты мамандықтан тұратын тізім анықталды.
Министр бағдарламаның қатысушылары санатына оқу орындарына түспей қалған 9-11 сыныптардың түлектері, жұмыс іздеп жүргендер, өмірдің қиындығына тап болғандар, аз қамтылған отбасылардың мүшелері мен басқа да санаттағы азаматтар жататынын түсіндірді. Сонымен қатар бағдарлама қатысушыларына шәкіртақы төленеді, бір рет ыстық тамақ беріледі және жолақысы төленеді. Қазіргі кезде кадрлар даярлауға үміткерлерден 12 771 өтініш келіп түскен.