Түркістан облысында үш күн бұрын басталған жел тоқтамай, бүгін тіпті күшейіп кетті. Салдарынан бірнеше ауыл қараңғылық құшағында қалды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Мәселен, Сайрам ауданында дауыл электр желілерін зақымдаған. Тіпті соның кесірінен тұрғындар жарықсыз қалғаны былай тұрсын, ауызсудан да ажыратылған. Өйткені су шығаратын насостар істен шыққан. Құзырлы орындарға мән-жайды сұрап хабарласқан халыққа “Қондырғыны жөндеуге ақша жоқ” деп ауыздарын қу шөппен сүрткен шенеуніктер олардың өздеріне алақан жайғанын айтады тұрғындар.
Сайрам ауданының тұрғыны Тұрсын Нишанбаев "Жел тұрса болды, ауылда жарық жалп етіп сөнеді де қалады. Апталап қараңғыда қаламыз кейде. Электр қуатының күші әлсіз, үтік пен тоңазытқышты бірге қоссаң, жарық өшіп қалады. Талай техникамыз күйіп кетті кернеудің тұрақсыздығынан. Су мен жарық жиі өшетін болған соң, жастар жаппай үлкен қалаларға кетіп жатыр. Кәрі-құртаң қайда барамыз, отырмыз амал жоқ, бәріне көніп" - дейді.
Жарыққа жауапты мекемеге хабарлассақ, мамандар үзілген желілерді қайта қалпына келтіріп жатыр деген жауап алдық. Облыс бойынша бұл іске14 бригада, яғни 90 жұмысшы мен 12 техника жұмылдырылған.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!