Жөндеуі төрт жылға созылған жол алматылық тұрғындардың шамына тиді

Түрксіб ауданындағы Бекмаханов көшесінде басталған жөндеу жұмыстары халықтың наразылығын туғызып отыр. Аялдамада өз автобусын сағаттап күтетін жұрт мұндағы кептелістен әбден мезі болғандарын жеткізді. Жарты күндерін жолда өткізетін Пятилетка шағын ауданының базынасын Massaget.kz тілшісі тыңдап қайтты.

Құрылыс жүріп жатқанына 4 жыл болған

© Суретте: Құрылыс жүріп жатқан орын 1

© Суретте: Құрылыс жүріп жатқан орын 2

© Суретте: Құрылыс жүріп жатқан орын 3

Алматы қаласы Түрксіб ауданына қарасты Пятилетка шағын ауданындағы Бекмаханов көшесі тұрғындар үшін басты мәселеге айналды. Көше бойында аяқталмаған құбыр жөндеу жұмыстары салдарынан бұл көшеде  кептеліс бітпейтін болған. Әр жерден қазылған шұңқыр мен беті сапасыз жабылған кәріз қақпақтары халықтың күнделікті тұрмысын қиындатқан.

Нысан құжатында белгіленгендей, 30 тамызда аяқталуы керек болған жөндеу жұмысы қарашаға дейін созылған. Оның өзінде аяқталған бөліктердегі жұмыс сапасы халық көңілінен шықпаған.

© Суретте: Нысан паспорты 

© Суретте: Беті дұрыс жабылмаған кәріз қақпағы

"Жолдың кей бөлігін жөндеп кеткенімен, қайтадан шұңқырлар пайда болады. Әне бітіреміз, міне бітіреміз дейді, бірақ ештеңе бітпеді. Бұл құрылыстың басталғанына шамамен төрт жыл болды. Неге созбалақтап жүр, түсініксіз", - деп шағымданды тұрғын.

Кептеліс кесірінен халық жаурап, автобусты сағаттап күтуге мәжбүр

© Суретте: Құрылыс жүріп жатқан орын 4

© Суретте: Құрылыс жүріп жатқан орын 5

Аудан тұрғыны Аяжан Жаңашева болса, жөндеу жұмыстары көлік қозғалысын қиындатып, автобустардың кешігуіне себеп болғанын жеткізді.  

"Жөндеу жұмыстары дейді енді. Десе де, соның салдарынан көшеде кептеліс көп. Мысалы, қазір автобус күтіп тұрғаныма 30 минут болды. Кей күндері сағаттап келе алмайды. Дала салқын, ызғар өтеді. Бұл жағдайға көңілім толмайды. Осы жол кесірінен жұмысқа да кешігіп барамын, үйге де кеш жетемін", - дейді қала тұрғыны Аяжан.

Нысан паспортындағы дерек қате

Жөндеу мерзіміне қатысты мердігер компаниямен байланысқа шықтық. Олар паспорттағы деректерді жаңартуды ұмытып кеткендерін айтып, ақталды. Шын мәнінде, жұмыстарды аяқтау мерзімі 15 желтоқсанға дейін деп белгіленген екен. 

© Суретте: Объект паспорты (жаңасы)

Тұрғындар қыс басталғанша бұл жөндеу жұмыстарының аяқталатынына сенбейді.

Мәселеге қатысты әкімдік жауап қатты. Олар бұл көшеде мердігердің кәріз және су желілерін жөндеп жатқандарын жеткізді. 

"Құрылыс материалдарының, логистикалық қызметтердің қымбаттауына және жобаға қосымша абоненттердің қосылуына байланысты 2023 жылдың наурыз айында жобаны түзету қабылданды. Жобаны мемлекеттік сараптама алумен түзету 8 айға созылды. Осыған байланысты жоғарыда аталған объект бойынша 2024 жылғы 15 желтоқсанға дейінгі мерзіммен негізгі шартқа қосымша келісім жасалды", - делінген хабарламада. 

Ал тұрғындардың жұмыс сапасына байланысты шағымын ескере әкімдік шағым хаттар жібергенін және тексеріс нәтижесі бойынша заңбұзушылықтар анықталғанда айыппұл санкциялары мен жосықсыз жеткізуші ретінде жазалануы мүмкін екенін жеткізді.