"Жөндеу көрмегелі 60 жылға жуықтады". Павлодар облысының оқушылары терезесі тесік мектепте білім алады

Павлодар облысы Тереңкөл ауданындағы Воскресенка ауылының мектебі жөндеу көрмегелі 60 жылға жуықтады. Білім ошағы 1964 жылы салынғалы бері сылақ тиіп, шеге қағылмаған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бүгінде мектепте 65 оқушы және шағын орталықта 10 бала тәлім алады. Жарты ғасырдан аса уақыт бұрынғы терезелер әбден ескіріп кеткен. Қысты күндері жел соғып, сыныпта сабақ оқу мүмкін емес болады екен. Сол себепті мұғалімдер аязды күндері амалсыз онлайн оқуға көшетіндерін айтады. Кабинеттердің терезелері целофонмен қапталған. Көктемде қар ерігенде және жаңбырлы күндері төбеден су тамшылап мектеп іші көлге айналады. 

Ата-аналарда ашық-шашық қалған электр сымдарынан ток соға ма деп балалары үшін уайымдайды.

"Мектеп суық, балаларымыз қыс бойы ауырып шығады. Бар тапқан табысымыз балалардың еміне кетеді. Біз мектепті жөндеп беру жөнінде қаншама жылдан бері айтып келеміз, тыңдайтын құлақ болмай тұр. Өткенде әкім "осы жазда ауылға асфальт төсейміз" дейді. Сол асфальті керек жоқ. Мектебімізді жөндеп берсе екен. Жолсыз да күн көреміз. Ал мектеп қажет, балалардың болашағы үшін қажет", - дейді ата-ана Виолетта Вальт.

Осы мәселеге байланысты аудан әкімі Азамат Маңғұтовқа хабарласып көрдік.

"Жобалық сметалық құжаттамасы дайын. Жоба бойынша 201 миллион теңге сұрап отырмыз. Ақша бөлетін-бөлмейтіні облыстық бюджетке байланысты. Бюджеттен қаражат бөлінсе, біз жасаймыз", - дейді әкім.

Яғни, қаражат бөлінбесе Воскресенка ауылының оқушылар келер қысты да жартық жамау тереземен қарсы алады. Айта кетейік, бұл мектептің қабырғасында 20-ғасырдың әйгілі өсиеті әлі жазулы тұр екен.

Е.Базарқұл        

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!