"Қазақмыс" компаниясы Ұлытау облысында жеті кенші қаза тапқан трагедияға байланысты тағы бір мәлімдеме жасады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Кеніштегі жұмыс тергеу аяқталғанға дейін тоқтатылған.
"Алғашқы нұсқада қайғылы оқиғаға тау жынысының опырылуы себеп болғаны айтылды. Алайда апаттан құтқару тобы опырылмағанын анықтады. Кеніштегі жұмыс тергеу аяқталғанға дейін тоқтатылды. Табиғи газ жарылуына не себеп болғаны талданып жатыр. Компания Үкіметтік комиссиямен және тергеу органдарымен қоян-қолтық жұмыс істеп жатыр, қолданыстағы қауіпсіздік стандарттарына түзету енгізуді жоспарлап отыр", - деп жазылған хабарламада.
Айта кетейік, Үкімет отырысында вице-премьер Қанат Бозымбаев бұл оқиғаға қатысты екі арнайы комиссия құрылғанын, біреуі апаттың себептерін анықтауы керек екенін, екіншісі қауіпсіздік ережелері қалай бұзылғанын анықтайтынын мәлімдеді. Комиссиялар өз жұмысын 10 күн ішінде аяқтауға тиіс.
Оқиғаның мән-жайы
2025 жылы 17 ақпанда Ұлытау облысы "Жомарт" кенішіндегі шахтада тау-кен массасы опырылғаны туралы ақпарат тарады. Оқиға салдарынан шахтаның 7 қызметкері үйінді астында қалды. Кабельдер үзілуіне байланысты жұмысшылармен байланыс та жоғалды.
Авариялық-құтқару жұмыстарына Ұлытау және Қарағанды облыстарының ТЖД күштері мен құралдары, апаттар медицинасы орталығының қызметкерлері, ТЖМ психологтары жұмылдырылды.
Премьер-министр Олжас Бектеновтің тапсырмасымен Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданындағы шахтадағы төтенше жағдайдың себептерін тергеу және зардап шеккендерге көмектесу жөніндегі арнайы комиссия құрылды. Комиссияны премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев басқарды.
2025 жылы 18 ақпанда ТЖМ жеті жұмысшы да өлі табылғанын, олардың жеке басын анықтау үшін сараптама жүргізілетінін хабарлады.
"Жомарт" кеніші Жезқазған қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 130 шақырым жерде орналасқан. Онда мыс сульфиді өндіріледі. Ал "Қазақмыс" корпорациясының ірі акционері - Kazakhmys Copper.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Ж. Қадыржанова