“Жомарт“ кенішіндегі төтенше жағдайдан кейін қылмыстық іс қозғалды

“Жомарт“ кенішіндегі төтенше жағдайдан кейін қылмыстық іс қозғалды

Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданындағы "Жомарт" кенішінде шахта опырылып, жеті адам мерт болған оқиғадан кейін қылмыстық іс қозғалды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ресми хабарламаны аймақтың Полиция департаменті жариялады.

"Бұл дерекке қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 277-бабы, 3-бөлігі "Тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу" бойынша қылмыстық іс қозғалды", - деп жазылған хабарламада.

Оқиға орнында департаменттің жедел-тергеу топтары жұмыс істеп жатыр.

"Қазір барлық қажет тергеу әрекеті жүргізіліп жатыр", - деп толықтырды ведомство өкілдері.

Оқиғаның мән-жайы

2025 жылы 17 ақпанда "Жомарт" кенішіндегі шахтада тау-кен массасы опырылды. Оқиға салдарынан шахтаның 7 қызметкері үйінді астында қалды. Кабельдер үзілуіне байланысты жұмысшылармен байланыс та жоғалды.

Авариялық-құтқару жұмыстарына Ұлытау және Қарағанды облыстарының ТЖД күштері мен құралдары, апаттар медицинасы орталығының қызметкерлері, ТЖМ психологтары жұмылдырылды. 

Премьер-министр Олжас Бектеновтің тапсырмасымен Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданындағы шахтадағы төтенше жағдайдың себептерін тергеу және зардап шеккендерге көмектесу жөніндегі арнайы комиссия құрылды. Комиссияны премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев басқарды.

2025 жылы 18 ақпанда ТЖМ жеті жұмысшы да өлі табылғанын, олардың жеке басын анықтау үшін сараптама жүргізілетінін хабарлады. 

"Жомарт" кеніші Жезқазған қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 130 шақырым жерде орналасқан. Онда мыс сульфиді өндіріледі. Ал "Қазақмыс" корпорациясының ірі акционері - Kazakhmys Copper.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз