Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданындағы "Жомарт" кенішінде шахта опырылып, жеті адам мерт болған оқиғадан кейін қылмыстық іс қозғалды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ресми хабарламаны аймақтың Полиция департаменті жариялады.
"Бұл дерекке қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 277-бабы, 3-бөлігі "Тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу" бойынша қылмыстық іс қозғалды", - деп жазылған хабарламада.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Оқиға орнында департаменттің жедел-тергеу топтары жұмыс істеп жатыр.
"Қазір барлық қажет тергеу әрекеті жүргізіліп жатыр", - деп толықтырды ведомство өкілдері.
Оқиғаның мән-жайы
2025 жылы 17 ақпанда "Жомарт" кенішіндегі шахтада тау-кен массасы опырылды. Оқиға салдарынан шахтаның 7 қызметкері үйінді астында қалды. Кабельдер үзілуіне байланысты жұмысшылармен байланыс та жоғалды.
Авариялық-құтқару жұмыстарына Ұлытау және Қарағанды облыстарының ТЖД күштері мен құралдары, апаттар медицинасы орталығының қызметкерлері, ТЖМ психологтары жұмылдырылды.
Премьер-министр Олжас Бектеновтің тапсырмасымен Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданындағы шахтадағы төтенше жағдайдың себептерін тергеу және зардап шеккендерге көмектесу жөніндегі арнайы комиссия құрылды. Комиссияны премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев басқарды.
2025 жылы 18 ақпанда ТЖМ жеті жұмысшы да өлі табылғанын, олардың жеке басын анықтау үшін сараптама жүргізілетінін хабарлады.
"Жомарт" кеніші Жезқазған қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 130 шақырым жерде орналасқан. Онда мыс сульфиді өндіріледі. Ал "Қазақмыс" корпорациясының ірі акционері - Kazakhmys Copper.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Қадыржанова