• 500.67
  • 490.7
  • 6.04

“Жомарт“ кенішіндегі жеті кеншінің қазасы: алдын ала тергеу нәтижесі белгілі болды

“Жомарт“ кенішіндегі жеті кеншінің қазасы: алдын ала тергеу нәтижесі белгілі болды
Фото: depositphotos.com

Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен өткен Үкімет комиссиясында "Қазақмыс корпорациясы" ЖШС "Жомарт" кенішіндегі апатты тергеудің алдын ала қорытындылары қаралды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Тергеу аясында 8 кіші комиссия құрылып, ғылыми-зерттеу институттары мен зертханаларының сарапшылары, мамандары да тартылған.

Комиссиялар мен кіші комиссиялардың мүшелері оқиғаны көзімен көрген куәгерлер арасында сауалнама жүргізіп, өндіріс технологиясын зерттеп, техникалық құрылғылар мен жабдықтардың жұмысқа жарамдылығын тексерген, тиісті сараптамалар жүргізілген.

"Комиссия тау-кен қазбасынан метанның жиналуы мен бөлінуі, содан кейін электр жабдықтарының ұшқынынан жарылыс болуы сияқты апаттың негізгі себебін анықтады. Сондай-ақ, өнеркәсіп қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау бойынша айтарлықтай ережебұзушылықтар анықталып, жауапты тұлғалар белгілі болды", - деп жазылған хабарламада.

Қазір "Жомарт" кенішінің жұмысы тоқтатылған. 

Комиссия төрағасы Қанат Бозымбаев "Қазақмыс корпорациясы" ЖШС-ға ережебұзушылықтарды жою мен апаттардың алдын алу бойынша, оның ішінде кеніштегі қауіпсіздікті арттыру, ауадағы газ құрамын анықтаудың автоматтандырылған жүйелерін енгізу, бейнебақылау орнату және басқа да бірқатар тапсырма берді.

Оқиғаның мән-жайы

2025 жылы 17 ақпанда Ұлытау облысы "Жомарт" кенішіндегі шахтада тау-кен массасы опырылғаны туралы ақпарат тарады. Оқиға салдарынан шахтаның 7 қызметкері үйінді астында қалды. Кабельдер үзілуіне байланысты жұмысшылармен байланыс та жоғалды.

Авариялық-құтқару жұмыстарына Ұлытау және Қарағанды облыстарының ТЖД күштері мен құралдары, апаттар медицинасы орталығының қызметкерлері, ТЖМ психологтары жұмылдырылды. 

Премьер-министр Олжас Бектеновтің тапсырмасымен Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданындағы шахтадағы төтенше жағдайдың себептерін тергеу және зардап шеккендерге көмектесу жөніндегі арнайы комиссия құрылды. Комиссияны премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев басқарды.

2025 жылы 18 ақпанда ТЖМ жеті жұмысшы да өлі табылғанын, олардың жеке басын анықтау үшін сараптама жүргізілетінін хабарлады. 

"Жомарт" кеніші Жезқазған қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 130 шақырым жерде орналасқан. Онда мыс сульфиді өндіріледі. Ал "Қазақмыс" корпорациясының ірі акционері - Kazakhmys Copper.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget