Жолдауда қарапайым еңбек адамының әл-ауқатын жақсартуға тапсырма берілді - сарапшы

Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің дағдарыстан кейінгі кезеңдегі негізгі даму мақсаттары жайында Қазақстан халқына Жолдау жасады. Мемлекет басшысы Жолдауда зейнетақы жүйесі, төменгі жалақы мөлшерлемесі, білім беру және басқа да әлеуметтік мәселелерге қатысты бірқатар өзгеріс болатынын айтты. Massaget.kz тілшісі Нұр-Сұлтан қаласы Кәсіподақтар орталығының төрағасы Төлеген Күнәділовпен сұхбаттасып, бүгінгі Жолдаудың қазақстандықтардың өміріне қандай ықпалы болатынын сұрады.

Төлеген Күнәділовтің сөзінше, бүгін Мемлекет басшысы қарапайым еңбек адамының әл-ауқатын жақсартуға тапсырмалар берді.


"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында елдің әлеуметтік-экономикалық даму бағытын айқындап берді. Ең төменгі жалақыны анықтаудың жаңа әдістемесін енгізуді ұсынып, 60 мыңнан 70 мың теңгеге дейін көтеру шешімін қабылдағанын айтты. Бұл қазіргі қиын сәтте 2 миллионға жуық адамның тұрмысына қолдау болары анық. Айта кетерлігі, бұған дейін ҚР Кәсіподақтар федерациясы ең төменгі жалақы деңгейін көтеруді Үкімет деңгейінде көтеріп келеді және оның әдістемесін де ұсынды. Біздің елімізде орташа жалақы мөлшері 260 мың теңге болса, халықаралық стандарт бойынша ең төменгі жалақы деңгейі оның тең жартысына сәйкес болуы қажет. Мемлекет басшысы өз кезегінде оның көлемі кезең-кезеңмен арттырылатынын айтты. Осы ретте Кәсіподақтар алдағы уақытта оның жүзеге асырылатынына сенім білдіреді", - дейді Нұр-Сұлтан қаласы Кәсіподақтар орталығының төрағасы.

Жолдауда Қазақстанда 2028 жылға дейін әйелдерге зейнет жасы 61 жас деңгейінде белгіленетіні айтылған болатын.

"Сондай-ақ, зейнетақы жүйесін айқындап берді. Зейнетақының ең төменгі базалық мөлшерлемесін ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызына дейін, ал ең төменгі мөлшерлемесін 120 пайызға дейін дәйекті түрде жеткізу керек. Бұл 2025 жылға қарай жиынтық зейнетақыны орта есеппен 27 пайызға арттыруға мүмкіндік береді. Қоғамда айтылып жүрген өзекті мәселелердің бірі - әйелдер үшін зейнеткерлік жас деңгейі 2028 жылға дейін 61 жыл деңгейінде белгіленетін болды", - дейді Төлеген Күнәділов.

Бүгінгі Жолдауда қозғалған тағы бір маңызды тақырып - балаларға қатысты мәселе. Сарапшының сөзінше, жаңа бағдарлама көңіл қуантарлық бастама болды.

"Сонымен қатар, биылғы Балалар жылында жаңа бағдарламаны ұсынуы көңіл қуантады. 2024 жылдан бастап әр отбасы балаларының жеке шоттарына Ұлттық қордан қаражат аударып, кәмелет жасына толған уақытта баспана мен білім алу үшін  пайдалануға мүмкіндік беріледі. Қазіргі кезеңде елімізде мектеп тапшылығынан үш ауысыммен оқыту жүргізіліп жатыр. Осы орайда Президент сыбайлас жемқорлардан алынған ақшаны мектеп құрылысына бағыттауды тапсырды.

Мемлекет басшысы жастарға жан-жақты қолдау танытып отыр. Жастардың сапалы білім алуына, кәсіпкерлікпен айналысуына, еңбекпен қамтылуына жағдай жасалатынын мәлімдеді. Жастардың кәсіпкерлік бастамасына жеңілдетілген тәртіппен жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие беріледі. Оған қоса, Тоқаев жылдық 2-3 пайыз жеңілдікпен оқу несиелері мен жаңа гранттарды жариялады. Бұл келешек ұрпақтың білім алуына, жастардың болашаққа сенімді қадамына, әр отбасының әл-ауқатының жақсаруына үлкен ықпал етеді", - деп түйіндеді ол.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдаудағы ең басты мәлімдемелерімен толығырақ мына жерден таныса аласыздар.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!