- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- #Жолдау2022: Тоқаевтың жолдауынан...
#Жолдау2022: Тоқаевтың жолдауынан LIVE
Massaget.kz порталы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауынан жазбаша трансляция жүргізеді.
Білім күні құтты болсын! Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдау жасайды. Жолдау 11:00-де басталады.
Жолдаудың негізгі бөлігі еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына арналатыны айтылған.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауын Президенттің https://t.co/iwUHMbRyYD ресми сайтынан және Facebook желісіндегі @Akorda парақшасынан тікелей эфирде көруге болады. Мәтіндер https://t.co/1x39QezHsM телеграм-каналында жедел таратылады.
— President Kassym-Jomart Tokayev's Press Office (@AkordaPress) September 1, 2022
10:30
Санаулы минуттардан кейін Парламент палаталарының бірлескен отырысы басталады. Жолдауға ресми тұлғалармен қатар азаматтық қоғам өкілдері де қатысады.
10:40
Tengrinews.kz сайтындағы әріптестеріміз Мәжілістегі қазіргі атмосфераның суреттерін бөлісті.
10:56
Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысына қатысу үшін Мәжіліс ғимаратына келді.
11:00
Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы басталды.
11:04
"Халқымыз жалпыұлттық референдумда саяси жаңғыру бағдарын қолдады. Конституциялық реформа Жаңа, Әділетті Қазақстанды құру жолындағы аса маңызды қадам болды"
11:05
"Біз "Азамат - бизнес - мемлекет" арасындағы қатынасты түбегейлі өзгертеміз. Мемлекет, ең алдымен, бәріне бірдей мүмкіндік беріп, әділдік орнатады"
11:06
"БІРІНШІ БАҒДАР. ЖАҢА ЭКОНОМИКАЛЫҚ САЯСАТ. Біз экономикамызда қордаланған мәселелерді жақсы білеміз. Мысалы, шикізатқа әлі де тәуелдіміз. Еңбек өнімділігі төмен, инновация жеткіліксіз.
Ұлттық табыстың игілігін жұрттың бәрі бірдей көріп отырған жоқ. Әрине, мұның барлығы - күрделі мәселелер. Бірақ, оны шешудің нақты жолдары бар".
11:07
"Біздің экономикалық саясатымыздың негізгі мақсаты өзгеріссіз қалады - азаматтарымыздың әл-ауқатының сапалы және инклюзив өсуі. Жаңа экономикалық бағыттың басымдықтары мыналар болады:
– жеке кәсіпкерлік бастаманы ынталандыру, яғни мемлекеттік капитализмнен және экономикаға мемлекеттің шектен тыс араласуынан бас тарту;
– бәсекелестікті дамыту, яғни бәріне тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету;
– және, әрине, ұлттық табысты әділ бөлу"
11:09
Бірінші. Бағаны әкімшілік реттеу бүкіл саланың инвестициялық тартымдылығын төмендетеді, тауар тапшылығына және импортқа тәуелділікке әкеледі. Сондықтан баға белгілеуге мемлекеттің араласуын кезең-кезеңімен алып тастау қажет.
Екінші. Экономиканы одан әрі монополиясыздандыру институциялық шешімдерді талап етеді.
Үшінші. Тұрақты экономикалық өсу нақты, болжамды салық саясатына тікелей байланысты.
11:12
"Алдағы уақытта көліктерді жеткізудің барлық заңсыз арнасына тосқауыл қою үшін шешуші шаралар қабылдау қажет. Бұл ретте биылдың 1 қыркүйегіне дейін әкелінген мұндай көліктерге қатысты жағдайды реттеу қажет.
Оларды заңдастыру үшін 200-250 мың теңгеден аспайтын мөлшерде утилизация және бастапқы тіркеу үшін біржолғы алым алуды ұсынамын".
11:13
"Келесі мәселе. Тексерушілердің тым көптігі. Олардың теріс әсер еткені белгілі. Сондықтан, шекараға интеграцияланған кедендік бақылау тәсілін енгізу қажет.
Кедендік рәсімдеу орталықтары "бір терезе" қағидаты бойынша жұмыс істеуге тиіс".
11:14
"Ұлттық қордың қаржысын тиімсіз жұмсау тоқтатылады. Бұл - өте өзекті мәселе. Қордың қаражатын аса қажет инфрақұрылымды дамытуға және еліміз үшін маңызы зор жобаларды қаржыландыруға жұмсаймыз.
Бюджет үдерістерін барынша жеңілдету қажет. Мемлекеттік органдардың игерілмеген қаражатты келесі жылға қалдыруына мүмкіндік беру керек.
Сол арқылы олар ақшаны бюджетке қайтарудың тиімсіз тәртібінен құтылады. Сонымен бірге, бюджетке қатысты тәуекелдерді басқару жүйесін іске қосу керек. Бұл жүйе квазимемлекеттік секторды да қамтуға тиіс".
11:15
"Алтыншы. Кәсіпкерлікті жүйелі түрде қолдау. Бұл жұмыста бәрін басынан бастап реттеу керек (регулирование "с чистого листа"). Тапсырма екі жылдан бері орындалмай келеді.
Жүздеген, тіпті мыңдаған заңнамалық құжат пен нұсқаулықты қайта-қайта түзете бергеннен ештеңе шықпайды. Оның орнына ықшам әрі түсінікті жаңа ережелерді бекіткен жөн.
Мұндай тәсілді 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап толық енгізу қажет"
11:16
"Мемлекет қаржылай қолдау жасаған кезде бәсекеге қабілетті шағын және орта бизнес өкілдеріне баса мән береді. Еңбекақы төлеу қорын көбейткен және салық төлемдерін арттырған кәсіпорындарға қолдау көрсетіледі. Бұл - негізгі талап.
Сонымен қатар, мемлекеттен көмек алатын бизнес өкілдерін анықтайтын автоматты жүйе енгізіледі. Мемлекеттік сатып алудың мүлде жаңа жүйесі жасалады. Бағаның төмен болуы ғана емес, тауарлар мен қызметтердің сапасы басты назарда болады.
Мемлекеттік және квазимемлекеттік сатып алуды бірыңғай платформаға көшіру қажет. Осының бәрін жүзеге асыру үшін "Мемлекеттік сатып алу туралы" жаңа заң қабылдануға тиіс".
11:17
"Жетінші. Мемлекет пен жекеменшік серіктестігінің жаңа үлгісіне көшу керек. Қазір көптеген жоба кейбір кәсіпкерлер мен шенеуніктердің майшелпегіне айналды.
Келісім-шарттар ашық және конкурстық негізде жасалуға тиіс. Осы мақсатта тиісті заң қабылдау қажет".
11:18
"Сегізінші. Отандық бизнес үшін күрделі мәселе несие ресурстарының жетіспеушілігі болып тұр.
Қазақстандағы шағын және орта бизнесті жеткіліксіз қаржыландыру - шамамен 42 миллиард доллар. Бұл ретте банктерде бірнеше триллион долларлық өтімділік жинақталды, бұл экономикаға жұмыс істемейді.
Ұлттық банк, Қаржыны реттеу агенттігі, Үкімет нақты секторды тұрақты және қолжетімді несиелеуді қамтамасыз ету үшін нақты шешімдер табуы керек".
11:18
"Кәсіпкерлерге жер телімдерін ашық әрі жедел бөлудің тиімді тәсілдері айқындалуға тиіс.
Оны жыл соңына дейін әзірлеу керек. Әрбір аймақ пен елді мекенде бос жатқан немесе мақсатына сай игерілмеген жердің бар-жоғын анықтау қажет.
Бұл ақпаратты бизнес өкілдері білуге тиіс. Аталған шаралар кәсіпкерлердің ғана емес, жалпы экономиканың бәсекеге қабілетін арттыра түсетіні анық"
11:19
"Үкіметке индустрия және жер қойнауын игеру салаларының инвестициялық тартымдылығын арттыруды тапсырамын.
Былтыр менің тапсырмам бойынша барлық арнайы экономикалық аймақтың тиімділігі бағаланды.
Соның нәтижесінде түйткілді тұстарды анықтап, тың тәсілдерді ойластырдық.
Енді арнайы экономикалық аймақтарды дамыту үшін мүлде басқа саясатқа көшкен жөн.
Қазіргі таңда шетел компаниялары Қазақстанға көше бастады. Сондықтан, бұл мәселе тіпті өзекті болып отыр"
11:20
"Самұрық-Қазына" қоры экономиканың негізгі секторларын бақылауға жеткілікті акциялардың басым бөлігін ғана иеленетін инвесторға айналып жатыр.
Қордың басқа да активтері мен акциялары жекешелендіріледі.
"Самұрық-Қазына" бірлескен инвестор ретінде жеке инвесторлар жүзеге асыра алмайтын маңызды жобаларға ғана қатысады. Мұндай жобаларды Президент айқындайды".
11:21
"Келесі мәселе - еліміздің транзиттік қуатын арттыру. Қазақстан қазіргі геосаяси жағдайда Азия-Еуропа арасындағы аса маңызды құрлық дәлізі болып отыр.
Біз бұл мүмкіндікті толық пайдаланып, әлемдік маңызы бар көлік-тасымал торабына айналуымыз керек.
Еліміз осы салада ірі жобаларды жүзеге асыра бастады. Атап айтқанда, Ақтауда контейнер хабы құрылып жатыр. Транскаспий дәлізі дамып келеді.
Осы жұмыстарға әлемдегі үздік логистика компаниялары тартылады. "Қазақстан теміржолы" компаниясы толыққанды транзиттік-логистикалық корпорация болып қайта құрылады"
11:23
"Мен 2025 жылға дейін жергілікті жолдардың кемінде 95 пайызын жақсарту жөнінде тапсырма бердім.
Үкімет бұл мәселені тікелей бақылауға алсын. Жол құрылысындағы заңсыздықтарды анықтау қажет. Бұл жұмыстан нақты нәтиже шығару керек.
Бізде әлі күнге дейін битум тапшы. Бұл - ірі көлемде мұнай өндіретін ел үшін, тіпті, ұят жағдай. Үкімет осы мәселені түбегейлі шешуге тиіс.
Жалпы, ашығын айтуымыз керек, Үкіметтің жұмысында қайта-қайта олқылықтар болып жатыр.
Біресе жанар-жағармай, біресе шекер жетіспейді. Осының бәрі Үкіметтің нақты шешім қабылдауға келгенде өте баяу қимылдап, батыл қадам жасай алмауынан болып отыр.
Мұндай жағдайға азаматтардың да көңілі толмайды. Әрине, бұл - орынды. Сондықтан, дәл осылай жалғаса берсе, тағы да нақты кадрлық шешімдер қабылдауға тура келеді"
11:24
"Еліміздің ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін және оның қосымша құнын арттыру қажет. Бұл - стратегиялық міндет. Қазір тек бидай мен мал сатып отыратын заман емес.
Үкімет агроөнеркәсіп саласын субсидиялаудың ұзақ мерзімге арналған жаңа тәсілдерін әзірлеуге тиіс. Бюджет қаражатының қайтарымы болуы керек.
Мемлекет қаржыны оңды-солды шашып, ысырап етуге жол бермейді. Субсидия бөлуге және оның жұмсалуына жүргізілетін бақылауды күшейту керек"
11:26
"Игерілмей жатқан жерді қайтарып алу жөніндегі комиссияның қызметіне жеке тоқталғым келеді. Комиссия жұмысының аясында ауыл шаруашылығы мақсатындағы 2,9 миллион гектар жер мемлекетке қайтарылды.
Жылдың соңына дейін кемінде 5 миллион гектар жерді қайтарып алу жоспарланып отыр. Игерілмей жатқан немесе заңсыз берілген жер көлемі 10 миллион гектарға жуықтайды.
Үкімет пен әкімдіктер келесі жылдың соңына дейін осы жерлерге қатысты нақты шешім қабылдауға тиіс.
Қазір жер мәселесін тексеруге жарияланған мораторий де күшін жойды. Бұл қадам жұмысқа оң ықпалын тигізеді деп ойлаймын".
11:27
"Ел экономикасын тұрақты дамытуға су тапшылығы қатты кедергі болып отыр.
Қазір бұл ұлттық қауіпсіздік мәселесіне айналды. Сырттан келетін су азайып барады. Сол судың өзін тиімсіз пайдалану жағдайды одан әрі ушықтырып отыр.
Судың 40 пайызы құмға сіңіп жатыр. Бұл салада басқа да түйткілдер аз емес. Атап айтқанда, инфрақұрылым әбден тозған. Сондай-ақ, автоматтандыру және цифрландыру деңгейі төмен.
Ғылыми негіздеме жоқ, мамандар тапшы. Бұл мәселелерді шешу үшін Үкімет жанындағы Су кеңесінің жұмысын жандандыру қажет, білімді сарапшыларды жұмысқа тарту керек.
Қажетті мамандарды даярлау үшін бұл саладағы іргелі әрі мықты жоғары оқу орнын анықтаған жөн.
Су саласын дамытудың үш жылдық жобасын әзірлеу керек".
11:29
"Еліміздің басты құндылығы - Адам. Бұл - айқын нәрсе. Сондықтан, ұлттық байлықты тең бөлу және баршаға бірдей мүмкіндік беру - реформаның басты мақсаты.
Ұлт саулығы жақсы болса ғана, қоғам орнықты дамиды. Денсаулық сақтау саласында біраз реформа жүргізілді.
Дегенмен, оның жағдайы әлі де мәз емес. Әрине, жылдар бойы қордаланған түйткілдер бір мезетте шешілмейді.
Сондықтан, аса маңызды мәселелерді ретке келтіруге баса мән берген жөн. Соның бірі - қаржыландыру жүйесі.
Осы салаға қаржының жеткілікті бөлінбеуі қалыпты жағдайға айналған. Соның кесірінен, жұрт сақтандыру жүйесіне қосылса да, медициналық қызмет толық көлемде көрсетілмей отыр.
Бүгінде медициналық көмек мемлекет кепілдік берген және сақтандыру пакеті деп екіге бөлінген. Ашығын айтсақ, мұндай жүйенің тиімділігі төмен"
11:30
"Еліміздің ауыл тұрғындарының сұранысына бағытталған ұлттық жобаны келесі жылдан бастап жүзеге асыруды шештім.
Екі жылдың ішінде бүгінде емдеу орны жоқ 650 ауылда медициналық және фельдшерлік-акушерлік пункттер салынып, толықтай жабдықталмақ. Осылайша, мемлекет миллионнан аса тұрғынның алғашқы медициналық-санитариялық көмекке қол жеткізуін қамтамасыз етеді.
Ұлттық жоба аясында 32 аудандық аурухана жаңғыртылып, ауданаралық көпсалалы мекемеге айналады. Оларда инсульт орталықтары, хирургия, реанимация және оңалту бөлімдері болады.
Бұл төрт миллионнан аса азаматқа медициналық қызмет көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, шалғай елді мекен тұрғындарына білікті көмекке қол жеткізуге мүмкіндік беретін телемедицина дамиды".
11:32
"Орта білімнің сапасы - табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс.
Сол үшін "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы қолға алынды. Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз.
Бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады. Жалпы, мектеп салу Үкімет және әкімдіктер үшін басты міндеттің бірі болуы керек".
11:33
"Әділетті Қазақстанды құруда мектеп мұғалімдерінің шешуші роль атқаратынына сенімдімін.
Кейінгі жылдары бұл мамандықтың тартымдылығын арттыру мақсатында мемлекет тарапынан ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Дегенмен, бұл бағытта әлі де оң өзгерістер қажет.
Педагогикалық жоғары оқу орындарын аккредиттеудің жаңа стандартын қабылдап, мұғалімдердің құзыреттілік шеңберін әзірлеу қажет.
Жаһандық ғылыми-техникалық прогресті ескере отырып, орта мектепте жаратылыстану-математика пәндерін және ағылшын тілін оқытуды күшейту маңызды".
11:36
"Отандық жоғары оқу орындарының сапасы артқан сайын онда оқу құны да өседі.
Сондықтан мемлекет білім беру гранттарын бөлуді жоспарлап отыр, ол ҰБТ нәтижелеріне және басқа да көрсеткіштерге байланысты мөлшері бойынша - 30-дан 100 пайызға дейін сараланады.
Сондай-ақ, оқуға жылдық 2-3 пайыздық жеңілдікпен несие берілмек.
Бұл шаралар жоғары білімді қолжетімді етеді, сонымен қатар қоғамдағы серіктестік пен өзара жауапкершілік идеологиясын күшейтеді".
Фото: Ақорда баспасөз қызметі
11:38
"Мемлекет ең төменгі жалақыны анықтаудың жаңа әдістемесін енгізеді, ол оның мөлшерін кезең-кезеңімен ұлғайтады.
Мен ең төменгі жалақыны 60-тан 70 мың теңгеге көтеруді шештім. Бұл 1,8 миллион азаматтың кірісіне тікелей әсер етеді.
Зейнетақы жүйесін айтарлықтай өзгерту қажет. Ең төменгі базалық зейнетақы мөлшерлемесін ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызына, ал ең жоғарысын 120 пайызға дейін жеткізу қажет. Бұрын қабылданған шешімдермен бірге бұл 2025 жылға қарай жалпы зейнетақыны орта есеппен 27 пайызға арттыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, әлеуметтік сұранысты ескере отырып, әйелдердің зейнетке шығу жасы 2028 жылға дейін 61 жас болып бекітіледі. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының тиімді инвестициялық стратегиясын әзірлеу қажет".
11:40
"Жастарға жан-жақты қолдау көрсету - мемлекетіміздің басты міндетінің бірі.
Еңбекпен қамтитын түрлі шаралар арқылы келесі жылы 100 мың жасқа жұмыс беруіміз керек.
Жастардың кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсетіле бермек. Оларға жеңілдетілген тәртіппен жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие беріледі.
Бұл шаралар қоғамның барынша үйлесімді әрі әділетті болуына ықпал етеді".
11:42
"Жалпыхалықтық референдумда қабылданған конституциялық өзгерістер Әділетті Қазақстанның символына айналды.
Біз Ата заңымызда жер мен табиғи ресурстар халықтың меншігі деген басты қағидатты бекіттік. Бұл - құр сөз емес. Бұл - барлық реформаның арқауы".
Әрбір отбасы елдің ұлттық байлығын пайдаланғаны үшін нақты табыс алуы керек. Сондықтан мен жариялаған Балалар жылы аясында жаңа "Ұлттық қор балаларға" бағдарламасын іске қосуды аса маңызды деп санаймын.
Ұлттық қордың жылдық инвестициялық кірісінің 50 пайызын балалар 18 жасқа толғанға дейін арнайы жинақ шоттарына аударуды ұсынамын.
Кәмелеттік жасқа толғаннан кейін жинақталған сома тұрғын үй сатып алуға және білім алуға жұмсалады. Бұл қаражат өскелең ұрпаққа кәмелеттік өмірге нағыз жолдама береді.
Қор шынымен де ұлттық мәртебеге ие болып, халық игілігіне қызмет етеді. Осы ауқымды істі жан-жақты зерделеу керегін ескере отырып, жобаны 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап іске қосуды тапсырамын".
11:44
"Қандастардың көшіп келуіне және ішкі миграцияға қатысты саясат түбегейлі өзгереді. Бұл орайда, демографиялық және экономикалық үрдістерді ескеру керек.
Сондай-ақ, жалпыұлттық мүддені басшылыққа алу өте маңызды.
Қуатты ұлттың діңгегі - халық. Ең бастысы, азаматтарымыздың денсаулығы мықты, білімі терең болуы керек. Кәсібилік пен еңбекқорлық қоғамымызда ең жоғары орында тұруы керек.
Тағы да қайталап айтамын. Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады".
11:45
"Саяси қызметкерлердің жеке жауапкершілігін арттыра отырып, мемлекеттік басқару жүйесін орталықтандырудан бас тартуға баса назар аудару керек.
Үкімет құзыретінің бір бөлігі министрліктерге берілуі керек - нақты салалық саясатқа "ұжымдық кабинет" емес, нақты министр жауапты болуы керек.
Үкімет салааралық мәселелерді шешуге назар аударады".
11:49
"Қоғамда заң үстемдігі берік орнығып, сот төрелігі әділ атқарылуы қажет. Осыған орай, қазылар қауымын шұғыл түрде қайта іріктеп, жаңартып жасақтау керек.
Қазылар жоғары білікті, адал, сондай-ақ, жемқорлықтан таза болуы қажет. Ең алдымен, барлық судьялардың мәртебесін теңестірген жөн. Олар өзінен жоғары тұрған әріптестеріне тәуелді болмауы керек.
Көптеген сот төрағасы лауазымы судья лауазымы болып өзгереді. Сот төрағасы және Сот алқасының төрағасы лауазымына үміткерді судьялар өздері сайлайтын тәсіл енгізуді ұсынамын.
Жоғарғы Сот судьяларын да сайлау арқылы таңдау тәсілін енгізген жөн. Ол үшін Президент үміткерлерді баламалы негізде Сенатқа ұсынуы керек.
Аталған салаға мықты заңгерлерді тарту үшін материалдық жағдай жасау қажет".
11:51
"Маған құқық қорғаушылар, адвокаттар қауымдастығының өкілдері бірнеше рет өтініш жолдады. Олар елді жаппай тәртіпсіздікке үндеген адамдарды қатаң жазалау қажет екенін айтты. Бұл - орынды ұсыныс.
Сондықтан өкілетті органдарға осы мәселені қарастырып, нақты шара қабылдауды тапсырамын.
Біз кез-келген ашық арандатушылыққа және заңсыз іс-әрекетке қатаң тосқауыл қоюымыз керек. Ел ішіне іріткі салған және заң бұзуға шақырған адамдар қатаң жазадан құтылып кетпейді".
11:55
"Бізге ел бірлігі ауадай қажет. Ереуілге қатысқандар да, күштік құрылым қызметкерлері де - өз азаматтарымыз. Олар сот әділ өтеді деп қана емес, қоғам кешірімді болады деп үміттеніп отыр.
Мемлекет қаңтар оқиғасына қатысқан, бірақ ауыр қылмыс жасамаған азаматтардың жазасын жеңілдетті. Заң бұзғандардың бірқатары кінәсін түсініп, өткен іске өкініп отыр. Оларға кешіріммен қараған дұрыс деп ойлаймын.
Сондықтан, мен қаңтар оқиғасына қатысушыларға бір реттік рақымшылық жариялау туралы шешім қабылдадым".
Әрине, рақымшылық тәртіпсіздіктерді ұйымдастыруға қатысы бар негізгі айыпталушыларға, сондай-ақ мемлекетке опасыздық жасады және билікті күшпен ауыстыруға әрекет жасады деп айыпталғандарға қатысты емес".
11:58
"Отбасылық зорлық-зомбылықты қылмыс санатына жатқызу мәселесі қоғамда көптен бері талқыланып жүр. Құқық қорғау органдары бұл ұсыныстың дұрыс екеніне күмәнмен қарайды. Себебі, мұндай тұрмыстық жағдайларды анықтау оңай емес, яғни осындай оқиғаларды тергеп-тексеру қиынға соғады.
Бұл сөздің де жаны бар. Бірақ қалай десек те, отбасылық зорлық-зомбылыққа көз жұма қарауға болмайды.
Отбасында ойран салатындар жазаға тартылмаса, олар одан бетер басынып кетеді. Ал жапа шеккендер мүлдем қорғаусыз қалады.
Мұндай әрекеттер үшін жазаны күшейтетін кез келді деп санаймын. Зардап шеккен жандар елдің сөзінен немесе біреудің қысым жасауынан қорықпауы қажет".
11:59
"Синтетикалық есірткіні тұтынатындар саны артуы ұлт денсаулығына үлкен қауіп төндіреді.
Динамика күрт төмендеді: кейінгі үш жылда айналымнан алынған "синтетика" көлемі 10 есе артты. Синтетикалық есірткілер жыл сайын арзанырақ және қолжетімді болып барады. Олар әлеуметтік желілер, мессенджерлер арқылы еркін сатылады, тіпті үйіңізге дейін жеткізіледі.
Бұл аса қауіпті әлеуметтік аурудың ауқымын ескере отырып, синтетикалық есірткіні өндіру мен таратуға қарсы күрес жалпыұлттық сипат алуы керек.
Сондықтан нашақорлықпен және есірткі бизнесімен күресудің кешенді жоспарын әзірлеу қажет".
12:01
"Саяси реформалар "Күшті Президент - ықпалды Парламент - есеп беретін Үкімет" формуласымен жүзеге асырылып жатыр. Бұл тұжырым - қоғамымыздың мызғымас тұғыры.
Реформалардың мазмұны жан-жақты толыға бермек. Жалпыұлттық ынтымақты және билік пен қоғамның серіктестігін нығайта береміз.
"Халық үніне құлақ асатын мемлекет" қағидасын ұстану аса маңызды. Біз қоғамға іріткі салуды емес, елді ізгі мақсатқа жұмылдыруды ойлауымыз керек. Әділетті Қазақстан идеясының түпкі мәні - осы.
Біздің алдымызда айрықша міндет тұр. Бұл - еліміздің егемендігін және жеріміздің тұтастығын сақтап қалу.
Елдігімізді қорғаудың ең басты жолы - берекелі бірлік. Бұдан басқа жол жоқ".
12:01
"Мен биылғы күзде кезектен тыс Президент сайлауын өткізуді ұсынамын.
Әділетті Қазақстанды құру жолында түбегейлі және жан-жақты реформаларды табысты жүзеге асыру үшін халықтың жаңа сенім мандаты қажет.
Мен үшін мемлекет мүддесі бәрінен биік. Сондықтан мен өкілеттік мерзімімді қысқартуға және кезектен тыс Президент сайлауына баруға дайынмын.
Сондай-ақ, мен көп ойланып, Президент өкілеттігі мерзімдерінің санын және ұзақтығын қайта қарау қажет деген байламға келдім. Президент мандатын ұзақтығы 7 жылдық бір мерзіммен шектеуді ұсынамын. Бірақ қайта сайлануға тыйым салынады".
12:06
"Еліміздегі саяси жаңғырту аясында парламентаризмді дамыту басты орынға ие. Жаңартылған Конституция ойынның әділ және ашық ережелері бар саяси жүйе үшін мүлдем жаңа стандарттарды белгілейді.
Саяси партияларды тіркеу рәсімдері қазірдің өзінде айтарлықтай жеңілдетілді. Парламент пен мәслихаттарды партиялық тізімдер және бір мандатты округтер бойынша қалыптастырудың жаңа тетіктері жұмыс істей бастайды.
Жалпы, конституциялық реформада көзделген барлық институциялық өзгерістер жыл соңына дейін заңнамалық тұрғыдан аяқталуға тиіс.
Олар саяси партиялар санының көбеюіне, саяси бәсекелестікті күшейтуге, халық қалаулыларының жаңа толқыны шығуына ықпал етеді. Ескі үлгі бойынша сайланатын биліктің өкілді органдары кезектен тыс электоралдық циклден өтіп, табиғи түрде жаңартылуы керек".
12:08
"Біздің бүгінгі бастамаларымыз Қазақстанның болашағын айқындайды.
Біз күн сайын ескі мен жаңаның, тоқырау мен дамудың арасынан таңдау жасаймыз. Баршаңызды ұлт мүддесі үшін ұйысуға шақырамын.
Бәріміз бірлігімізді бекемдей білсек, ешқашан әділдіктен аттамасақ, берекелі ел боламыз".
12:10
Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауы аяқталды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Е. Төлеш