- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Ауа райы нашарлады
Жолда тұрып қалғандар, мал қарауға кетіп жоғалғандар бар: өңірлерге шолу
Өңірлерде күн суытып, қар жауып, салдарынан кейбір жолдар жабылып жатыр. Massaget.kz тілшісі ахуалға шолу жасады.
Қай өңірлерге ескерту жарияланды?
2024 жылғы 7 қарашада Абай, Ақмола, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Қарағанды, Қостанай және Қызылорда облыстарының кей жерлерінде қар жауады. Сондықтан "ҚазАвтоЖол" ҰҚ" АҚ жүргізушілерге қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтап, жолдардағы ауа райының қолайсыздығын ескеруін сұрады.
Қолайсыз ауа райына, қатты желге және жол көрінбеуіне байланысты 5 өңірдегі республикалық маңызы бар жолдардың 10 учаскесінде қозғалыс жабық әрі шектелген. Бұл мына өңірлер - Ақтөбе, Ақмола, Қостанай, Жамбыл, Түркістан облыстары.
Ақтөбе облысы
Кешелі бері Ақтөбе облысының құтқарушылары бірнеше азаматты құтқарды. Өңірде ауа райы нашарлаған.
Кеше 112-ге 1961 жылы туған ер адам жоғалып кеткені туралы хабарлама түскен. Ол таңертең мал жаюға шығып, ауа райы нашарлауына байланысты елді мекенге өз бетінше жете алмаған. Қарлы боран кезінде бағдарын жоғалтқан ер адамды Мұғалжар ауданы Қандыағаш қаласының маңында ТЖМ күштері тауып алып, елді мекенге дейін жеткізді.
Кейінірек ТЖМ қызметкерлері қар құрсауында қалған 4 адамды құтқарды. Ақтөбе облысы Хромтау ауданы Абай ауылына жақын маңайда 2 ер адам ауа райы қолайсыздығына қарамастан мал тексеруге кетіп, қарда тұрып қалған. Оқиға орнына дереу жеткен құтқарушылар қар құрсауында тұрып қалған жеңіл автокөлікті эвакуациялап, хабар берушілерді құтқарды.
Ал қайтар жолда құтқарушылар дәл солай қарда тұрып қалған, ішінде екі адамы бар жеңіл автокөлікті көріп, оларды да құтқарды. Ешкім медициналық көмекке мұқтаж болмаған.
Таңға жақын ақтөбелік құтқарушылар тағы бір жоғалған адамды іздеді. Ауа райы қолайсыздығына қарамастан мал жаюға шығып, байланысқа шықпай қалған 1959 жылы туған ер адам табылды.
"Іздестіру-құтқару жұмыстарының нәтижесінде облыс орталығының Құршысай тұрғын алабынан 8 шақырым жерде құтқарушылар боран салдарынан бағдарынан айырылған адамды тапты. Оған медициналық көмек қажет емес", - деп жазылған ТЖМ хабарламасында.
Ақмола облысы
"ҚазАвтоЖол" ҰҚ" АҚ ауа райына байланысты жолдардағы жағдайды хабарлап жатыр. Күн бұзылуына байланысты бірнеше жол жабылып, қайта ашылған өңірлердің бірі - Ақмола облысы.
6 қарашада сағат 23:00-да Ақмола облысында республикалық маңызы бар РФ шекарасы Екатеринбургке-Алматы автожолының 1291-1353 шақырым аралығында (Қарағанды облысының шекарасынан Жібек Жолы төлемақы алу пунктіне дейін) көліктің барлық түрінің қозғалысына шектеу енгізілді.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Жергілікті арналардың бірінің мәліметінше, күн бұзылуына байланыста кеше сағат 19.00-ден бастап мына жолдарда қозғалыс жабылған:
- Жезқазған - Петропавл тасжолының 377-440 шақырымында (Қостанай облысы - Державина қ.);
- Көкшетау - Атбасар тасжолының 47-184 шақырымы ( Зеренді кенті - Атбасар қ.);
- Астана - Петропавл тасжолының 18-232 шақырымы (Астана қ. - Щучинск қ.).
Ақпаратқа сүйенсек, патрульдік полиция қызметкерлері облыстың барлық тасжолын қатаң қадағалай бастады. Жол апаттарының алдын алу мақсатында жолдарды патрульдеу үш күн қатарынан жалғасатыны хабарланды. Полицейлер күшейтілген режимде жұмыс істейді.
Қарағанды облысы
6 қарашада сағат 23:00-да Қарағанды облысында республикалық маңызы бар РФ шекарасы Екатеринбургке-Алматы тасжолының 1353-1426 шақырым аралығында (Ақмола облысының шекарасынан Теміртау төлемақы алу пунктіне дейін) көліктің барлық түрінің қозғалысына шектеу енгізілген болатын.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Қай өңірлерде жолдар ашылды?
Республикалық маңызы бар мына жолдарда көлік қозғалысы ашылды:
- Жамбыл облысы Алматы-Ташкент-Термез автожолының 534-593 шақырымы аралығы (Айша бибі ауылы - Түркістан облысының шекарасы);
- Түркістан облысы Алматы-Ташкент-Термез автожолының 593-620 шақырымы аралығы (Жамбыл облысының шекарасы - Тұрар Рысқұлов ауылының шекарасы).
- Ақтөбе облысы Ақтөбе-Атырау-РФ шекарасы автожолының 12-250 шақырымы аралығы;
- Ақтөбе облысы Ақтөбе-Мәртөк-РФ шекарасы автожолының 23-64 шақырымы аралығы;
- Ақмола облысы Екатеринбург-Алматы автожолының 1006-1114 шақырымы аралығы.
- Ақтөбе облысы Самара-Шымкент автожолының 776-834 шақырымы аралығы;
- Ақтөбе облысы Қандыағаш-Ембі-Шалқар-Ырғыз автожолының 259-389 шақырымы аралығы;
- Қостанай облысы Жезқазған-Петропавл автожолының 339-377 шақырымы аралығы;
- Ақмола облысы Көкшетау-Атбасар автожолының 47-184 шақырымы аралығы;
- Ақмола облысы Астана-Петропавл автожолының 18-232 шақырымы аралығы;
- Ақмола облысы Астана-Ерейментау-Шидерті автожолының 16-200 шақырым аралығы;
- Павлодар облысы Астана-Ерейментау-Шидерті автожолының 200-254 шақырым аралығы.
"Қазгидромет", ТЖМ ескертуі
"Қазгидромет" РМК деректері бойынша бірнеше өңірде ауа райы нашарлайды: қатты жауын-шашын жауып, ауа температурасы төмендеп, жел күшейіп, боран соғып, көктайғақ болады. ТЖМ қауіпсіздік шараларын сақтауды ұсынады:
- түнде және нашар ауа райында алыс қашыққа сапарлардан және жаяу жүруден аулақ болыңыз;
- ауа райы мен көлік құралдарының қозғалысының шектеулері туралы ақпаратты қадағалаңыз;
- ғимараттардан шығуға асықпаңыз (мүмкіндігінше үй-жайларда болыңыз);
- қатты жел болған жағдайда жақын маңдағы ғимаратқа бару керек;
- ағаштардан, ілініп тұрған құрылымдардан, электр желілерінен және билбордтардан аулақ болыңыз;
- үйлердің қабырғаларына жақын жерде қатты желден жасырынбаңыз, өйткені шатыр құлап кетуі мүмкін;
- қоғамдық көліктің ашық аялдамаларында, билбордтардың, ағаштардың астында, аяқталмаған ғимараттарда жасырынуға болмайды;
- балаларды ерекше бақылауға алыңыз, оларды қараусыз қалдырмау маңызды;
- жеке көлікті ағаштардан қауіпсіз жерге қою ұсынылады.
Бірнеше өңірде жол жабылды: ТЖМ жедел желіні іске қосты
ҚР ТЖМ Стратегиялық жоспарлау және жедел басқару командалық орталығында 8 (7172) 70-41-14, сондай-ақ Ақмола облысының ТЖД 8(7162) 52-09-50 жедел желісінің телефоны ашылды.
Айта кетейік, республикалық жолдардағы жағдайды 1403 байланыс орталығына хабарласып білуге болады. Мамандар тәулік бойы қызмет көрсетеді. Алыс сапарға шығуды жоспарлаған азаматтар Kaztoll.kz сайтынан ауа райын онлайн бақылауға болады.
Еске салайық, бұған дейін қай өңірлерде оқушылар онлайн оқитыны хабарланды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова