Полиция қызметінде заманауи технологиялар қолдану үрдісі пайда болды. Соның бірі - "Қорғау" бағдарламасы. ІІМ мәліметінше, ол жолда қауіпті жүргізушілерді анықтайды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазірдің өзінде жол жүрісі қағидаларын бұзудың 60 пайызы автоматты режимде анықталады. Ал Астана, Алматы және Шымкент қалаларында бұл көрсеткіш одан да жоғары - 86 пайыз. Ол үшін ел бойынша 18 мыңнан астам стационарлық камера қолданылады.
Қала сыртындағы жолдарды бақылауды патрульдік автокөліктерде орнатылған автоматты бағдарламалық кешендер жүргізеді. Бүгінгі таңда бүкіл Қазақстан бойынша осындай 60 жылжымалы құрылғы жұмыс істейді.
Жол жүрісі қағидаларын "қасақана бұзушыларды" және "қауіпті жүргізушілерді" анықтау үшін ІІМ өткен жылы "Қорғау" бағдарламасын іске қосты. Оның көмегімен жалған нөмірлі, сақтандыруы жоқ, іздеуде жүрген автокөліктерді, сондай-ақ жүргізу құқығынан айырылған, жол қозғалысы ережелерін жүйелі түрде бұзатын және айыппұл төлемейтін жүргізушілерді анықтауға болады.
Құқық бұзушы туралы барлық ақпарат камералардан Жедел басқару орталығының операторына және жақын маңдағы патрульдік полиция қызметкерінің планшетіне жіберіледі. Яғни, бұрынғыдай барлық көліктерді қатарынан тоқтатудың қажеті жоқ, өйткені жүйенің өзі полицияға жүргізушілердің қайсысы жолда "қауіпті" екенін көрсетеді.
Цифрлық технологиялардың арқасында полицейлер қоғамдық қауіпсіздікті қорғауға көбірек қатысады және құқық бұзушылықтарға қарсы сақтық шараларын қабылдайды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!