Тараздық полицей қарлы боранда жолда қалған туристерге қол ұшын созып, қазақстандық желі қолданушыларын тәнті етті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Әлеуметтік желіде шетелдік саяхатшыларды Тараз қаласында құшақ жая күтіп алған полиция қызметкерінің видеосы тарады. Туристер мен желі қолданушылары мемлекеттік қызметкердің қонақжайлығы мен ақ көңіліне ризашылықтарын білдірді.
Бельгиядан келген 33 жастағы Силке мен шотландиялық 31 жастағы Киран бірнеше ай бойы Қазақстанды аралап, YouTube арнасында еліміз жайлы алған әсерлерін бөлісіп, блог жүргізіп жүрген жандар. Бұл жолы ерлі-зайыпты саяхатшылар Алматыдан Шымкентке жол тартып, жолда Таразға жақындағанда қатты боран мен жолдардың жабылуына байланысты оқыс оқиғаға тап болған.
Оларға көмекке Серік есімді тараздық полиция қызметкері келіп, саяхатшыларды үйіне қонаққа шақырады. Ол саяхатшыларды үйінде күтіп алып, тамақ беріп, Қазақстанның мәдениеті мен салт-дәстүрін айтып, отбасымен бірге қонақтарға әдемі кеш ұйымдастырды.
"Біз достарымызбен бірге олардың үйіне Алматыдан Шымкентке қарай бет алып келе жатыр едік. Алайда Таразға жеткенде жол жабық болды. Бізді аяқ астынан үйіне шақырған мейірімді полицей Серікті кездестірдік. Сөйтіп бір күнімізді осында өткіздік. Таразға бағытты бұрып, полицейдің үйіне бардық. Оның отбасы бізге тамақ әзірлеп, құшақ жая қарсы алды. Біз келесі күні жолға шығып кеттік. Қазір Шымкентте досымыз Талғаттың үйінде қонақ болып отырмыз", - дейді саяхатшылар.
@silkyrontheroad We are trying to get to Shymkent but the roads are all closed!😅 @Talgat Ali @iCaravan.com #kazakhstan #snowstorm #shymkent #winterkazahstan #fyp ♬ Бұл менің махаббатым - Нұрмахан
Қазақстандықтар шетелдіктер жариялаған видеоға жылы лебіздерін жаудырды.
"Осындай мейірімді адамды және отбасын кездестіргендеріңізге қуаныштымын", "Елімізде сіздей полиция қызметкерлері көп болсын", "Керемет", "Мен бүкіл адамзатты жақсы көремін", "Қазақстанға қош келдіңіздер", "Сіздердің Қазақстан жайлы жағымды ойда қалғандарыңызға қуаныштымын!", "Қазақстанда осындай мейірімді адамдар бар", "Қандай керемет", - деп жазды қолданушылар.
@silkyrontheroad We never expected the Kazakh police to be like this 🥹💛 So grateful for this crazy adventure with @iCaravan.com @Talgat Ali ✨🙏🏼 #kazakhstan #snowstorm #taraz #fypkazakhstan #friendlypolice #shymkent #besthospitality #snowstorm2025 ♬ Obal oilar-ai - dudeontheguitar & jeltoksan. & Daiynball & Ruslan Tai
Саяхатшылар Қазақстанда болған уақытында жергілікті тұрғындармен бірге көп уақыт өткізгендерін жеткізді.
"Біздің осы жолғы сапарымыз эмоцияларға толы болды. Қазақстанда өткізген үш айға жуық уақыт бойы біз қонақүйлерде тұрмай, тек жергілікті тұрғындармен бірге уақыт өткіздік. Бұл бізге Қазақстанның шынымен де әлемдегі ең қонақжай елдердің бірі екенін көрсетті! Біз дән ризамыз. Бұл жерде біз өзімізді өз үйіміздегідей сезінеміз және елді одан әрі зерттеуді асыға күтеміз!" - деп бөлісті Киран.
@silkyrontheroad How sweet is this? 🥹 We are now staying with @Talgat Ali his mum and dad and they are such kind people!✨🙏🏼 @iCaravan.com #kazakhstan #fyp #shymkent #travelkazakhstan #kazakhfood ♬ Ozin gana - ba7ile
YouTube арнасында ерлі-зайыптылар әлем бойынша он жылдан бері саяхаттаған видеоларын жүктеп, блог жүргізіп отырады. Олар 2018 жылы Испанияда заманауи би тобында жұмыс істеп жүргенде танысып, өнерге, саяхатқа және фотосуретке ортақ қызығушылықтарының арқасында жұп атанған. Шотландияда олар 500 шақырымдық жолды жаяу жүріп өткеннен кейін, 2021 жылдың тамызында отбасын құрып, 10 жылдық бал айын ұйымдастыруды шешкен. Яғни 10 жыл бойы әлем елдерін аралауды мақсат тұтқан. Керемет шытырман оқиғаларға толы бір жарым жылдан кейін олар бейнеблог жүргізуді ұйғарады.
@silkyrontheroad YouTube-ке толық блог жақында шығады🙏🏼 Біз Қазақстанда шамамен 3 ай болдық және таңғажайып тәжірибелерді бастан өткердік. Бүркітші әйелдің үйіне шақырылудан бастап, полиция қызметкерінің үйінде қонақ болғанға дейінгі сапарымыз бізге Қазақстанды басқаша көруге мүмкіндік берді. Біздің ешқандай күткеніміз болмады, бірақ бізді отбасы сияқты қарсы алды! Біз сіздерді жақсы көреміз, Қазақстан!💛 @iCaravan.com @Talgat Ali ♬ original sound - SilkyRonTheRoad
Қазіргі уақытта олар Қазақстандағы саяхаты жайлы 12 бөлімнен тұратын блог жариялап үлгерді. Блогерлер Алматы, Астана, Шығыс Қазақстан және басқа да көптеген көрікті жерлерді аралап үлгерген.
Айта кетейік, 2024 жылдың 9 айында еліміздегі ішкі туристер саны 562 мыңға артып, 6 миллионға жуық адамды (5 миллион 973 мың қазақстандық) құрады. Шетелдік туристер саны 11,5 миллион адамды құрады, бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен екі есе көп.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!