Жолаушылардың құқығын шектеген: сот FlyArystan-ға қатысты шешім шығарды

Жолаушылардың құқығын шектеген: сот FlyArystan-ға қатысты шешім шығарды
Фото: Tengrinews.kz/ Әлихан Сәриев

Сот FlyArystan әуекомпаниясына қатысты Сауда және интеграция министрлігі шығарған нұсқаманы заңды деп таныды. Бұған дейін министрлік жүргізген тексеру барысында компанияның ішкі ережелерінде жолаушылардың құқығын шектейтін талаптар анықталған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі ведомствоның ресми сайтына сілтеме жасап.

Тексеруге жолаушылардың бірінен түскен шағым себеп болған. Осыдан кейін Алматы қаласының Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетімен және оның Астанадағы аумақтық департаментімен бірлесіп, жоспардан тыс тексеру жүргізген.

Нәтижесінде әуекомпанияның ішкі ережелерінде жолаушылардың заңмен бекітілген құқықтарын шектейтін бірнеше талап бары анықталды.

Атап айтқанда, заңбұзушылықтар мына мәселелерге қатысты болған:

  • жолаушы тасымалдау шарттарын компанияның біржақты өзгертуі;
  • әуекомпанияның жолаушылар алдындағы жауапкершілігін шектеуі;
  • кейбір қосымша төлемдердің алынуы;
  • жолаушылардың билет ақшасын қайтарып алу құқығының шектелуі;
  • жолаушыларға қажет ақпараттың тиісті деңгейде берілмеуі және жазбаша шағым түсіру жолдарының шектелуі.

Тексеру қорытындысы бойынша FlyArystan компаниясына анықталған заңбұзушылықтарды жойып, жолаушы тасымалдау ережелерін Қазақстан заңнамасына сәйкестендіру туралы нұсқама берілді.

Алайда әуекомпания тексеру нәтижесімен келіспей, нұсқаманың күшін жою үшін сотқа жүгінген.

2026 жылғы 21 шілдеде Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты компанияның талабын қанағаттандырмады.

FlyArystan бұл шешімге де шағым түсіргенімен, апелляциялық сот алғашқы шешімді өзгеріссіз қалдырды. Осылайша сот тұтынушылардың құқықтарын қорғау органдарының тексеру жүргізіп, заңбұзушылықтарды жоюды талап етуі заңды екенін растады.

Сауда және интеграция министрлігі әуекомпаниялар өз ережелерін бекіткен кезде жолаушылардың заңда көрсетілген құқықтарын шектей алмайтынын атап өтті.

Бұл талап жолаушы тасымалдау шарттарына, билет ақшасын қайтаруға, қосымша төлемдер алуға және шағымдарды қарау тәртібіне де қатысты.

Еске салайық, бұған дейін 2025 жылы Азаматтық авиация комитеті жолаушыларды, багажды және жүктерді тасымалдау ережелерін бұзғаны үшін Қазақстанның төрт әуекомпанияны әкімшілік жауапкершілікке тартқан еді. Бұл туралы толығырақ осы материалдан оқуға болады.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Massaget.kz
Logotype Massaget