Жолаушылар пойызында сақталуы керек тазалық стандарттарын білесіз бе?

Жолаушылар пойызында сақталуы керек тазалық стандарттарын білесіз бе?

Жақында Қазақстандағы жолаушылар пойызының бірінде қайғылы оқиға орын алды. Өскемен – Алматы бағытында жолға шыққан 74 жастағы қарт адам вагон ішінде, немересінің көз алдында  қайтыс болды. Куәгерлер "вагон іші ыстық әрі ауа болмаған", - дейді.  Өлімнің нақты себебі әлі анықталмаса да, бұл жағдай вентиляция мен тазалыққа келгенде жолаушылар вагондарының қауіпісіздігіне қатысты сұрақтар туындатады. Мәселеге қатысты Massaget.kz тілшісі ресми органнан жауап алды. 

Жолаушылар пойызы ыңғайлы әрі қолжетімді. Бірақ вагондарға отырғанда біз қандай ауамен тыныстайтынымызға және вагондардың тазалығына сирек мән береміз. Дегенмен, жолаушылар пойыздарындағы санитарлық жағдайдың стандарттары қатаң түрде реттеледі. Оны реттейтін арнайы департамент және арнайы ереже бар. Ереже өз кезегінде желдету, температураны бақылау, ылғалдылық, жүйелі түрде тазалау және дезинфекциялау стандарттарын қамтиды. Бірақ сол стандартты білеміз бе? Ол стандарттар бұзылған жағдайда қайда шағымдана аламыз?

Жолаушылар вагондарына қойылатын талаптар

Көліктегі Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті жолаушылар вагонына қойылатын стандарттармен таныстырды. Департамент денсаулық сақтау министрлігінің ДСМ-5 бұйрығына сәйкес, барлық жолаушылар вагондары жылдың кез келген уақытында таза ауамен қамтамасыз ететін желдету жүйелерімен жабдықталуы керек екенін хабарлайды.

"Жазда әрбір жолаушылар вагоны сағатына кемінде 20 текше метр, ал қыста кемінде 10 текше метр ауа алмасу болуы керек. Жаңа вагондар кондиционермен жабдықталған. Егер вагондар ескі болса оларда ауа баптау жүйесі болмаса, терезелер кем дегенде 3/1 ашылу керек. Сонымен қатар, пойыздардағы температура қатаң түрде реттеледі: жолаушылар пойызға отырар алдында қыста +22 °C, ал жазда +24 °C болуы керек. Бұл жай сандар емес, жолаушылар үшін жайлылық пен қауіпсіздіктің маңызды бөлігі", - делінген хабарламада.

Департамент одан бөлек жолаушылар вагондарының ішіндегі тазалық стандарттарын атады. Желдетуден бөлек, вагондардың тазалығына да үлкен көңіл бөлінеді дейді ресми өкілдік.

"Санитарлық талаптарға сәйкес дымқыл тазалау күніне кемінде 2 рет, ал дәретханада күніне 4 реттен кем емес жүргізілуі керек. Кілемдер мен жұмсақ жиһаздар да күніне 2 рет шаңсорғышпен сүртіліп, жыл мезгіліне және ластану деңгейіне байланысты матрацтар мен жастықтар дезинфекцияланып, тазартылады. Бұл шаралар инфекцияның таралу қаупін азайтуға көмектеседі, дегенмен қазіргі уақытта пойыздарда індеттің шығуы туралы ресми деректер жоқ", - делінген хабарламада.

Хабарламада онымен қоса жолаушылар вагондарын Қазақстанның санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті үнемі тексеріп тұратыны жазылған. Заң бұзушылықтар көбінесе желдету, тазалау және гигиена нормаларын сақтамаумен байланысты тіркеледі екен. 

Жолаушылар вагондарына қатысты арыз-шағымды азаматтар eOtinish арқылы жібере алады немесе департаменттің "Сенім телефонына" + 7 717 2 74 18 21, 94 21 62 хабарласуға болады. 

Бұған дейін санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің өкілі Ераман Талапқанұлы Massaget.kz тілшісіне берген сұхбатында шетелден келген жолаушылар неге тексерілетінін, пойызда тазалық сақталмаса, не істеу керектігін айтқан еді.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Н. Ынтымақұлы