Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары" атты биылғы жолдауында 2029 жылға дейін елімізде жалпы ұзындығы 4 мың шақырымнан астам жолға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілетіні айтылды. Мұнда президент еліміздің Еуразия құрлығындағы басты транзит хабы ретіндегі рөлін арттыру керектігін меңзеді. Осылайша алдағы уақытта Қазақстан көлік логистика саласындағы ірі мемлекеттердің біріне айналуы тиіс.
Демек көлік логистика саласын жүйелі де жедел дамыту – еліміз үшін аса маңызды стратегиялық міндеттердің бірі саналады. Сол мақсатта алдағы үш жылда транзит, логистика саласының республика қазынасына қосар үлес салмағын кем дегенде 9 пайызға жеткізу көзделген. Белгіленген межені бағындыру үшін жаңадан құрылған Көлік министрлігіне көп міндет жүктеліп отыр. Ең ауқымдысы – жол инфрақұрылымын жақсарту. Сондай жауапты да маңызды рөл атқаратын құрылымдардың қатарында Көлік министрлігіне қарасты "Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы" республикалық мемлекеттік кəсіпорны да бар. Құрылғанына төрт жыл толған кəсіпорынның еліміздің 14 облысы мен үш қаласында филиалдары жұмыс істейді.
Республикалық кəсіпорынның негізгі қызметтік функциясы – автомобиль жолдарын салу, қайта жаңғырту, жөндеу жəне күтіп ұстау кезіндегі жұмыстарды тексеру, жол құрылысына қолданылатын материалдардың сапасын бағалау, жалпы қолданыстағы автомобиль жолдарын орташа жөндеуге ведомстволық сараптама жүргізу, автокөлік жолдарын диагностикалау жəне аспаптық тексеруден өткізу. Халықаралық жəне республикалық маңызы бар автомобиль жолдарындағы жол-көлік инфрақұрылымы қауіпсіздігіне мониторинг жүргізу. "Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы" РМК-ының Алматы қаласы бойынша филиалының директоры Мәулен Әліповтің айтуынша, 2019 жылға дейін "Алматы жол зертханасы" мекемесінің базасында жұмыс жасап келген бөлімше республикалық маңыздылықтағы автомобиль жолдарының ғана сапасын тексерумен шектелген. Қазір Алматы қаласында жалпы ұзындығы 3 100 шақырымдай автокөлік жолы бар. Мемлекет басшысының "шетсіз қала" деген тапсырмасы бойынша қаламызда орасан-зор жұмыстар атқарылып жатыр.
Жалпы, филиал қызметкерлері жол сапасын зерделеу мақсатында биылғы жылы жалпы 500-ге жуық сараптама жасаған. Атап айтар болсақ, Алматы қаласында ұзындығы 200 шақырым болатын 230 көшені орташа жөндеумен қамту жоспарланған. Оның ішінде 215 көше аудандық маңызы бар көшелер болып табылады. Негізінен филиал қызметкерлері қаланың шет аймақтарындағы "Алғабас", "Теректі", "Томирис", "Қарасу", "Ақбұлақ", "Зерделі", "Шапағат", "Шұғыла", "Таусамалы", "Қалқаман", "Рахат", "Жас Қанат" секілді шағын аудандарында жүргізілген жолдардың сапасына ерекше көңіл бөліпті.
Биыл пилоттық жоба ретінде қала көшелерінің жолдарын орташа жөндеу жұмыстары Алматының аудандарына жүктелді. Сәйкесінше осы мақсатқа бөлінген қаржы аудандардың құзіретіне берілген. Сол орташа жол жөндеу жұмыстарын қадағалау мақсатында Алматының 8 ауданы Жол активтерінің ұлттық сапа орталығымен келісімшартқа отыруы тиіс еді. Ал сапа орталығы жол жөндеу жұмыстарын қадағалап, құрылыс материалдарының сапасы мен жол салу технологиясын бақылауға міндетті болды. Жол активтерінің ұлттық сапа орталығымен тек Алмалы ауданы келісімшартқа отырмаған. Өзге 7 ауданмен бірлесіп белсенді жұмыс атқарылған. Әсіресе, Алатау, Түрксіб аудандары ерекше атап өтуге тұрарлық. Осы жылы Бостандық ауданында 98 көше, Алатау ауданында 60 көше, Әуезов ауданында 12 көше орташа жөндеуден өтті. Мұның барлығында сапа орталығы мамандары жаңа төселген жолардан сынамалар алып, түрлі тексерулер жүргізілген. Нәтижелер тапсырыс берушіге ұсынылған.