Алматы облысы Қарғалы ауылында ұлы тұлғалардың атындағы үш көшеге жөндеу жұмыстары жүргізілмеген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Сүйінбай, Абай мен Әлия Молдағұлова атындағы үш көшенің жалпы ұзындығы 3 шақырымға да жетпейді. Қырық жыл бұрын төселген тасжол әбден тозып кеткен. Бұл көшелерді қалыпқа келтіру үшін бюджеттен 67 миллион теңге қарастырылған. Мердігер мекемемен де келісім жасалыпты. Алайда жол құрылысына жауапты компания өз міндетін орындамаған. Тұрғындардың айтуынша, шұңқыры көп көшелер кейде батпаққа айналады.
"Көшелеріміздің сиқы осындай. Былтыр күзде Абай мен Молдағұлова көшелеріне құмтас төкті. Бірақ тасжол салынған жоқ. Балалар балшықта мектепке барып келеді. Көшелер ауылдың сәні болуға тиіс емес пе? Оның үстіне белгілі тұлғалардың есімімен аталады. Сонда бұл тұлғаларымызды сыйламағандық па?" - дейді ауыл тұрғыны Айгүл Әбдіразақ.
Ал үш көшені "Қаратау жолдары" ЖШС жөндеуі қажет болған. Жұмысты бастап, жарты жолдан тастаған компанияға Жамбыл аудандық әкімдігі бірнеше рет ескерту жасапты. Олар құлақ аспаған соң әкімдік сотқа талап-арыз жолдаған.
"Бұл мәселе бойынша Алматы облыстық мамандандырылған экономикалық сотына талап-арыз жолдадық. Мердігер компания өз айыбын мойындап, мемлекетке келтірген шығынды өтеуі қажет. Біздің талап - құрылыс жұмыстарын толық аяқтату", - деді аудандық жол құрылысына жауапты мекеме басшысы Данияр Ибраев.
Саламат Сабыр
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!