Жол құрылысына бөлінген жерлерге мораторий енгізіледі

Жол құрылысына бөлінген жерлерге мораторий енгізіледі
Фото: depositphotos.com

Үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов әкімдерге жол салуға арналған жер телімдерінің нысаналы мақсатын өзгертуге мораторий жариялауды тапсырды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Алдағы уақытта жобалардың қымбаттап, мерзімдерінің созылып кетуіне жол бермеу үшін барлық дайындық жұмыстарын ерте бастау қажет. Әкімдіктерге болашақ жобаларға арналған жерлерді резервке қойып, бұл телімдерді беруге және олардың нысаналы мақсатын өзгертуге мораторий енгізуді тапсырамын", - деді ол.

Үкімет басшысы сондай-ақ тиісті министрліктерге бірқатар тапсырма жүктеді.

"Өнеркәсіп министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, автожол жобалары үшін пайдаланылатын карьерлердің құжаттарын рәсімдеуі қажет. Ал Көлік министрлігі жол салуға қажетті жер телімдерін мемлекет мұқтажы үшін жедел сатып алу мәселесін заңнамалық деңгейде реттеуді қамтамасыз етсін", - деді Олжас Бектенов.

Бұған дейін биыл елдегі ақылы жол учаскелерінде тарифтер орта есеппен 30 пайызға өсетіні белгілі болған еді. Сондай-ақ биыл елімізде  30-50 жыл жөнделмеген жолдар жөндеуден өтеді. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

А. Бақдаулет
Logotype Massaget