Жол жабылғаны туралы ескертуді елемеген жүргізушілерге қанша айыппұл салынады?

Жақында Астана - Щучинск тасжолында ауа райының қолайсыздығына байланысты жолдың жабылғаны туралы ескертуді елемеген 95 көлік жаппай жол апатына ұшыраған болатын. Алдын ала жүргізілген шараға бағынбай, апат туындауына себеп болған көлік жүргізушілеріне қандай жауапкершілік қарастырылған? Massaget.kz тілшісі анықтады.

Қаңтардың алғашқы күндері ауа райы күрт нашарлап, Қазақстанның бірнеше облысында кейбір бағыттар бойынша учаскелері уақытша жабылды. Мұндай шаралар азаматтардың қауіпсіздігі үшін қажет. Ал жолдарда көлік құралдарының қозғалысын тоқтату немесе уақытша шектеу қағидалары бойынша жолдар жабылғаны туралы хабарламаларды елемеу әкімшілік жазаға әкеп соқтырады. 

Қанша айыппұл салынады?

Әкiмшiлiк құқықбұзушылық туралы кодекстің 667-бабына сәйкес жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті органның заңды талаптарына бағынбау фактілері анықталған жағдайларда көлік құралдары жүргізушілеріне шаралар қолданылады.

Кодекстің осы бабында құқық қорғау немесе арнаулы мемлекеттік орган қызметкерінің (әскери қызметкердің) және өзге де қызметтердің заңды тәртібіне немесе талабына бағынбағаны үшін жаза қарастырылған. Осылайша, қолайсыз ауа райында тасжолдардың жабық учаскелеріне шыққан көлік иелеріне қарастырылған жауапкершіліктер:

  • Айыппұл: 117 960 теңгеге тең 30 АЕК мөлшерінде айыппұл салу;
  • Қамауға алу: 15 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу.

2025 жылғы АЕК мөлшері - 3 932 теңге.

Алғашқы бұзушылықтан кейін 12 ай ішінде құқықбұзушылық қайталанса, 15-20 тәулікке дейін қамауға алынады.

Ал жүкті әйелдер, 14 жасқа дейінгі балалары бар ерлер мен әйелдер, кәмелетке толмаған азаматтар, I және II топтағы мүгедектер, сондай-ақ 58 және 63 жастан асқан ерлер мен әйелдер секілді қамауға алынбайтын адамдарға ережені қайта бұзғаны үшін 50 АЕК (196 600 теңге) көлемінде айыппұл салынады.  

Еске салайық, 3 қаңтарда Астана - Щучинск тасжолында 40 көлік соқтығысқаны туралы ақпарат тараған болатын.

Кейінірек көлік саны екі есе көбейіп, жол апатына ұшыраған көлік саны 95-ке жеткені белгілі болды.

Полиция Астана - Петропавловск тасжолында жол апатының салдарын жою кадрларын бөлісіп, қанша адам зардап шеккенін жариялады.

95 көлік соқтығысқан ірі жол апаты қалай басталғанының видеосы пайда болды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!