Ішкі істер министрлігі жол ережесіне өзгерістер енгізді. Енді біртұтас сызықты кесіп өткеніңіз - қарсы бағытқа шығумен тең. Яғни ереже бұзған жүргізуші куәлігінен жарты жылға айырылады. Сондай-ақ, жаңа өзгертулерге сай енді автобус жолағымен тек қоғамдық көліктер емес, 8-ден аса жолаушы орындығы бар темір тұлпарлар да емін-еркін қозғала береді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "КТК" телеарнасына сілтеме жасап.
Ақ сызықты кесіп өтуге тыйым салу - жаңа ереженің ішіндегі ең қаталы. Өзгеріске сай біртұтас жолақпен бөлінген екі бағыттағы жолда басып озуға тыйым салынатын белгіге қарамай, қарсы бағытқа шықсаңыз, жүргізуші куәлігіңізден жарты жылға айрыласыз. Мұны екі жолақтан көп жолдармен шатастырып алмаған жөн.
"Біртұтас таңбалау сызығын кесіп өткені үшін жауапкершілік өзгерді. Енді 1.1 белгісімен белгіленген және де 3.20 басып озуға тыйым салынатын белгісімен белгіленген екі жолағы бар және екі жақты жолға шығу қарсы жүріс жолағына шығу болып есептеледі", - деді ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырма жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранова.
Сонымен қатар, елдімекендерде автобус жылдамдығы сағатына 50 шақырым болып төмендетілді. Ал қоғамдық көліктерге арналған жолақпен енді автобус санатына жататын көліктер де еркін қозғала береді. Оларға салмағы 5 тоннадан асатын, 8 жолаушы орындығы бар көліктер кіреді. Бірқатар жаңа жол белгілері де енгізілді.
"3.9.1 - электрсамокат жүрісіне тыйым салынады деген белгі. 5.8.6 деген, 5.8.6в дегеніміз -параллель жатқан жол бөлігіне өту. Сонымен қатар, 5.86г, 5.86д паралель жол бөлігінің соңы деген белгіні білдіреді. 5.16.3 диагональ жаяу жүргінші өткелі", - деді ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырма жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранова.
Ал полицейлер самокаттарға қатысты жол апаты көбейгенін растап отыр.
"Алматыда жыл басынан бері электрсамокат жүргізушілерінің қатысы бар 22 жол көлік оқиғасы болды. Жаңа заң күшіне енген сәттен бастап жол қозғалысын неғұрлым жақсартуға мүмкіндік береді", - деді Алматы ПД жергілікті полиция қызмет басқармасының аға инспекторы Аян Бақытов.
Жаңа өзгеріс 6 мамырдан бастап заңды күшіне енеді.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!