Түркістанда қызметтік міндетін атқару кезінде полиция қызметкері қаза тапты. Өңірдің Полиция департаменті өкілі оқиғаның мән-жайын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
2 шілдеде Түркістан қаласында қызметтік міндетін атқару барысында Түркістан қаласы Полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының аға инспекторы, полиция капитаны Бауыржан Қонысбеков қайғылы жағдайда қаза тапқан.
"Алдын ала мәліметке сәйкес жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзып, өз әрекетімен жол қозғалысының өзге де қатысушыларына қауіп төндірген жеңіл көлік жүргізушісін патрульдік полиция экипажы тоқтатпақ болған. Алайда Саттарханов даңғылы мен Тараз көшесі қиылысында полиция қызметкері Бауыржан Қонысбеков патрульдік полицияның Chevrolet Cobalt қызметтік көлігімен жол апатына ұшырады. Ол алған ауыр жарақатынан оқиға орнында көз жұмды", - деді Түркістан облысы ПД өкілі.
Бұл дерек бойынша соталды тергеп-тексеру басталған. Жедел іздестіру іс-шаралары жүргізіліп жатыр.
Тергеп-тексеру қорытындысы бойынша қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес процессуалдық шешім қабылданбақ.
"Полиция капитаны Бауыржан Қонысбеков антқа адал болып, қызметтік борышын соңына дейін абыроймен атқарды. Бауыржан Қонысбековтің жарқын бейнесі әріптестерінің жүрегінде мәңгі сақталады", - департаменті өкілдері.
Еске салайық, бұған дейін Түркістанда полицей қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқаны хабарланды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова