16 шілдеде сағат 20:00 шамасында Шымкент қаласы Еңбекші ауданы Абдулабад ауылы, Абдулабад көшесінің бойында жол апаты болды. Салдарынан жол бойындағы жылқыларды қағып кеткен жүргізуші қаза тапты, - деп хабарлайды Massaget.kz жергілікті ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомство мәліметінше, аудандық полиция басқармасының қызметкерлерінен шұғыл топ құрылып, оқиға орнына барды. Сағат 20:00 шамасында 4 жолаушысы бар "ВАЗ 21099" маркалы автокөлік Төле би ауданынан Шымкент қаласы бағытына қарай қозғалған. Осы сәтте жол бойымен өтіп бара жатқан жылқыларды қағып, қарсы бағытқа шығып кеткен. Салдарынан, қарсы бағытта келе жатқан Volkswagen Passat маркалы жеңіл көлікпен соқтығысқан.
Жол апатынан "ВАЗ 21099" маркалы автокөліктің жүргізушісі оқиға орнында қаза тапты. Сондай-ақ көліктің тағы 4 жолаушысы түрлі дене жарақаттарымен ауруханаға жеткізілді.
Бүгінде Қылмыстық кодекстің 345-бабы 3-бөлігі "Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы" бойынша іс қозғалды. Қажет сараптамалар тағайындалды.