Жол бойында әйелге қарақшылық шабуыл жасап, соққыға жыққан: сегіз жыл бұрынғы қылмыс ашылды

Жамбыл облысында сегіз жыл бұрын жасалған қарақшылық шабуыл ашылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мән-жайы

2018 жылы Меркі ауданындағы тасжолда белгісіз ер адам әйелге қарақшылық шабуыл жасаған. Ол күш қолданып, жәбірленушіні соққыға жығып, алтын әшекейлерін тартып алып, оқиға орнынан бой тасалаған.

Полиция қызметкерлері осы оқиғадан кейін бірден тергеу және жедел іздестіру іс-шараларын жүргізген. Жәбірленушінің сипаттамасы негізінде күдіктінің фотороботы жасалғанымен, сол кезде оны анықтау мүмкін болмаған. Соған қарамастан, қылмыстық іс бойынша жұмыс тоқтатылмаған.

Күдікті қалай ұсталды?

Сегіз жылдан кейін ашылмаған қылмыстардың материалдарын зерделеу барысында полиция қызметкерлерінің бірі фотороботқа назар аударып, ондағы адамды таныған. 

Тергеу және жедел іздестіру іс-шаралары нәтижесінде 41 жастағы күдіктінің жүрген жері анықталып, ол ұсталды.

"Бұл дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 192-бабы 1-бөлігі ("Қарақшылық") бойынша соталды тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр", - деді өңір полициясы.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!