- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Жол апатын рәсімдеудің...
Жол апатын рәсімдеудің жаңа тәртібі енгізілді: жүргізушілер не білуі қажет?
1 қаңтардан бастап азаматтар ұсақ жол-көлік оқиғалары кезінде полицияның және соттың қатысуынсыз жеңілдетілген тәртіпте сақтандыруды рәсімдей алады. Бұл үшін "Еурохаттама" арнайы мобильді қосымшасы әзірленді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қосымшаның көмегімен жүргізушілер жол-көлік оқиғалары дерегін тіркеп, сақтандыру компанияларына материалдық залалды өтеуге өтінім береді. "Еурохаттама" арқылы жол-көлік оқиғаларын рәсімдеудің міндетті үш шарты бар:
1) Жол-көлік оқиғасына екі көлік қана қатысқан кезде;
2) Жүргізушілердің қолданыстағы сақтандыруы болуы қажет. Сондай-ақ, кім кінәлі, ал кім зардап шегуші екенінде келіспеушіліктер болмаған кезде;
3) Апат салдарынан денсаулыққа залал келтірілмесе, ал көлікке келтірілген шығын сомасы 100 айлық есептік көрсеткіштен аспаса, бұл дегеніміз - 369 мың теңге.
"Осындай тәртіпте жол-көлік оқиғасын рәсімдеу үшін мобильді телефонға "Еурохаттама" қосымшасын қосып алып, тіркеліп, оқиғаның фото және бейнематериалдарын салу керек. Қосымшаны тиімді пайдалану мақсатында жол-көлік оқиғасының қатысушылары жақын жердегі полиция нарядына жүгіне алады, олар оны пайдалану кезінде көмек көрсетеді. "Еурохаттаманың" артықшылығы неде? Біріншіден, азаматтар ұсақ жол-көлік оқиғаларын рәсімдеу үшін полицияны күтпейді, осылайша жолдардағы кептеліс төмендейді. Екіншіден, жеңілдетілген тәртіппен тіркелген жол-көлік оқиғасы кезінде жүргізушілер әкімшілік жауапкершілікке тартылмайды. Үшіншіден, сақтандыру төлемінің мерзімі қысқарады. Бұрын 30-дан 90 күнге дейін уақытты алса, қазір хаттама тіркеу сәтінен бастап төлемді алуға шамамен бес күн кетеді" - деді ҚР ІІМ ӘПК ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Қуаныш Тілекбаев.
Еске салайық, бұған дейін де жол апатына ұшырағандар полиция шақырмай-ақ өтемақыны онлайн ала алатыны хабарланды.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Қадыржанова