- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Жол апаты көбеюі ...
"Жол апаты көбеюі мүмкін". Ақтөбелік тұрғындар жанайқайын жеткізді
Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы Қандыағаш қаласының тұрғындары малын өріске шығара алмай қаламыз ба деп қорқып отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Ақтөбе - Атырау - Астрахань" тас жолы Қандыағаш қаласының тұсынан өтеді. Қазір тас жол қайта жөнделіп, яғни төрт жолақты болып салынып жатыр. Ал мал ұстайтын тұрғындар осы жолдың бойынан көпір салып беруін сұрайды. Жаңадан салынып жатқан төрт жолақты жол Қандыағаштың жиегімен өтеді. Құрылыс жүріп жатыр. Жолдың арғы беті - малдың өрісі.
"Әрине жолдың салынғанына қуаныштымыз, салына берсін. Бірақ асфальттің үстінен мал, ауыл шаруашылығы техникасы өтетін көпір керек. Ертең жол толық салынып біткенде, халық арғы бетке мал жая алмайды. Себебі жолдың арғы беті жайлым жер, жем-шөп сол жақта дайындалады. Оны тасу үшін жолдың бетінде көпір болуы керек. Егер өткел салынбаса жол апаты көбеюі мүмкін. Біз осыны алдын ала әкімдікке бірнеше рет айттық. Бірақ біздің сөзімізді ешкім елеп жатқан жоқ", - дейді ауыл тұрғыны Мейрамбек Жанин.
Тұрғынның айтуынша, су өткізетін сақиналар да су жүретін жерден емес, қырдың үстінен салынып жатыр. Тұрғындар жиналып былтыр да биыл да осы мәселелерді әкімдікке айтқан. Тиісті орындардың барлығына жеткізген. Бірақ нәтиже шықпапты.
"Халықтың мұң-мұқтажын ешкім тыңдап жатқан жоқ. Былтыр әкімдікке хат түрінде де ауызша да айттық. Құрылыс жүріп жатқан кезде, яғни асфальт салынбай тұрып осы мәселені шешпесе, ертең халыққа қиын болады", - дейді Мейрамбек Жанин.
Аталған мәселенің анық-қанығын білмек болып Мұғалжар ауданы әкімінің орынбасары Бекболат Құлмағанбетовке хабарластық.
"Бүгін "Қазавтожол" және мердігер мекеме өкілдері бар, барлығымыз жолдың басында кездестік. Тұрғындар мәселені былтыр көтерген. "Нұрлы көш" мөлтек ауданының бойында мал өтетін өткелдің орны тұр. Бірақ тұрғындар басқа жерден өткел керек екенін айтты. Біз жаңа ғана келістік, тұрғындар сұрап тұрған жерден, яғни жолдың үстінен мал, техника өтетін өткел жасап береді. Мәселе шешілді",- деді аудан әкімінің орынбасары.
Кәмшат Сексенбай
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Қ. Әбілдәқызы