Жол апаты кезінде отбасынан түгел дерлік айырылған полицей сотталды

Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты көлік құралын басқарған адамның жол жүрісі қағидасын бұзып, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкелді деген айыппен К-ға қатысты қылмыстық істі қарады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

2024 жылғы 26 тамызда сағат 18:40 шамасында Самара - Шымкент тасжолы бойында сотталушы Қ. Volkswagen Polo маркалы автокөлікті айдап келе жатып, жол жүру ережесін өрескел бұзып, жолдың қарама-қарсы бағытына шығып кеткен.

Сөйтіп қарсы бағыттағы У. жүргізіп келе жатқан Mercedes Bens Actros маркалы автокөлігімен соқтығысқан. Оқиға салдарынан Volkswagen Polo автокөлігінде отырған бес жолаушы қаза тапты.

Сотталушы өз кінәсін толық мойындады. Ол қайғылы оқиғаға дейін ол құқық қорғау органдарында жұмыс істеген.

"Сот үкімімен сотталушы Қ-ға 7 жылға көлік құралын басқару құқығынан айыра отырып, 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды", - деп хабарлады Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметі.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз