Келесі жылдан бастап дүкендерде мобильді аударымдарға тыйым салынуы мүмкін. Осылайша сауда орындарында касса аппаратында есептесу міндеттеледі. Бұл туралы сауда және интеграция министрі мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Арман Шаққалиевтің айтуынша,100 пайыз касса аппаратына көшу 2024-2025 жылдарға жоспарланып отыр. Келесі жылдан бастап, дүкендердегі төлем қабылдау түрлері біртіндеп қадағаланады. Кейін толық жаңа жүйеге көшкеннен соң, кәсіпкерлерге міндеттеледі. Талапты орындалмаған жағдайда, министрлік арнайы айыппұл белгілеуді көздеп отыр. Оның құны саудагерлердің қалтасын қаншалықты қағатыны әзірге белгісіз.
"Касса аппаратына 100 пайыз ауысуды салықты әкімшілендіру шеңберінде жаңғырту мерзімдерімен қоса, яғни 2024-2025 жылдары жүзеге асырамыз. Келесі жылдан бастап көп көңіл бөлінетін болады. Базарларда касса аппараттары қазір де бар, бірақ оны бәрі бірдей қолдана бермейді. Саудагерде касса болуы мүмкін, бірақ "аударма немесе QR керек пе?" деп сұрағанда, сіз "жоқ" деп, чек беруді талап етсеңіз, олар соны орындауға міндетті", - дейді ҚР Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!