Премьер-министрдің орынбасары - ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров биыл қаңтардың қорытындысы бойынша жоғары экономикалық өсім көрсеткен өңірлерді атады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"2024 жылғы қаңтарда Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 3,9 пайыз болды. Оның ішінде нақты сектор - 3,8 пайыз, ал қызмет көрсету саласы 3,5 пайызға өсті. Салалар арасында ең жоғары өсімді құрылыс (12,8 пайыз), көлік және қоймалау (11,4 пайыз), ақпарат және байланыс (10,6 пайыз), сондай-ақ өңдеу өнеркәсібі (6,9 пайыз) көрсетті", - деді Нұрлан Байбазаров.
Негізгі капиталға салынған инвестицияның өсу қарқыны - 0,6 пайыз.
"Инвестиция ағыны білім беруде 3,6 есе, қаржы және сақтандыру қызметінде 3 есе, көлік және қоймалауда 2,1 есе, құрылыста 2 есе, ақпарат және байланыста 20,9 пайыз, сондай-ақ, өңдеу өнеркәсібі 15,8 пайызға өсті. Өңірлер арасында ең жоғары өсу Жетісу (2,1 есе), Ұлытау (52,3 пайыз), Жамбыл (40,4 пайыз) және Алматы (34,4пайыз) облыстарында байқалды", - деді министр.
Алдын ала қорытынды бойынша 2023 жылы сыртқы сауда тауар айналымы 140 млрд долларға жуықтаған, өсім - 3,2 пайыз.
"Экспорт 79 млрд долларға жуықтап, оның ішінде өңделген тауарлар экспорты 25 млрд доллар болды. Тауарлар импорты 61 млрд доллардан асты. Жалпы оң сауда балансы 18 млрд долларға жуық", - деді Үкімет басшысының орынбасары.
Нұрлан Байбазаров биыл қаңтарда елімізде 1 млн шаршы метрден аса тұрғын үй пайдалануға берілгенін атап өтті. Бұл былтырғы қаңтардағы көрсеткіштен 3 пайыз жоғары.
"Ең жоғары көрсеткіш Астана (өсім 67,8 пайыз) қаласында, сондай-ақ, Солтүстік Қазақстан (36,7 пайыз), Қызылорда (27,3 пайыз) және Жамбыл (16,6 пайыз) облыстарында тіркелді", - деді ол.
Министр барлық 7 экономикалық көрсеткіш бойынша оң өсім көрсеткен 3 өңірге тоқталды.
"Олар Қызылорда және Павлодар облыстары, сондай-ақ, Астана қаласы", - деді премьер-министрдің орынбасары.
Аяз Есен
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!