Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркияға қиын сәтте халықаралық қауымдастықтың қолдау көрсетуін Режеп Тайып Ердоғанның жоғары беделімен байланыстырды. Ол бұл туралы Түркі мемлекеттері ұйымының саммитіндегі сөзінде айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Қиын сәтте халықаралық қауымдастықтың түрік халқына қолдау көрсетуі Режеп бейдің жоғары беделі мен еліне жасап жатқан риясыз қызметінің нәтижесі деп санаймын. Биыл Түркия Республикасына 100 жыл толады. Бұл – үлкен тарихи меже. Түркия қысқа мерзімнің ішінде қуатты, ықпалды мемлекетке айналды. Оның халықаралық ықпалы және беделі, расында, өте күшті", - деді Қазақстан Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев сонымен бірге Түркия Президентіне алдағы сайлауда сәттілік тіледі.
"Осы жерде Режеп Тайып Ердоғанның еңбегі және үлесі айқын. Оны бүкіл әлем мойындап жатыр. Осы ретте, қадірменді Режеп Тайып Ердоған мырзаға алдағы Президент және Парламент сайлауында сәттілік тілеймін. Түрік жұрты Сізге барынша қолдау көрсетеді деп сенемін", - деді Тоқаев.
Еске салайық, бұған дейін Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған елдегі жалпы сайлауды 14 мамырда өткізу туралы жарлыққа қол қойғаны хабарланған еді. Екінші тур болса, бұл 28 мамырда өтеді.
Бұл сайлаудағы Ердоғанның негізгі қарсыласы - алты оппозициялық партиядан құрылған "Халықтық альянс" атынан ортақ кандидат ретінде Кемал Кылычдароглу президент сайлауына түсетін болды. 74 жастағы саясаткер – кезінде Түркия президенті Мұстафа Кемал негізін қалаған Халықтық-республикалық партияның қазіргі төрағасы.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!