- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Жоғарғы Сот Азаматтық...
Жоғарғы Сот Азаматтық процестік кодекстің комментарийін таныстырды
Жоғарғы Сот судьялардың VII съезі қарсаңында Азаматтық процестік кодекстің комментарийін таныстыру рәсімін өткізді.
Іс-шараға Парламент Сенатының Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Серік Ақылбай, Президент Әкімшілігі Мемлекеттік-құқық бөлімінің меңгерушісі Әлия Рақышева, Парламент депутаттары, орталық мемлекеттік органдардың, шетелдік ұйымдардың өкілдері, судьялар мен құқықтанушы-ғалымдар қатысты.
Мемлекет басшысы Тәуелсіздіктің 25 жылдығында осыдан бір жыл бұрын жаңа редакциядағы Азаматтық процестік кодекске жария түрде қол қойды. «Президент ел өміріндегі зор маңызға ие жаңа Кодекске алғаш рет жариялы түрде қол қойғанын атап өтті. Бұл тұрғындарға заңның мән-маңызын неғұрлым дұрыс жеткізуге мүмкіндік береді», - деді таныстыру рәсіміне келген қатысушыларға сөйлеген құттықтау сөзінде Жоғарғы Сот Төрағасы Қайрат Мәми. Мемлекет басшысы тарапынан берілген мұндай жоғары баға ақталды. Бүгінде жаңа Кодекс еліміздің құқықтық кеңістігін түбегейлі жақсартты деп нық сеніммен айтуға болады.
Жаңа Кодекс күшіне енгеннен кейін шығарылған сот актілеріне жүргізілген талдау азаматтардың бұзылған құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мен қалпына келтіруде өзінің зор тиімділігін көрсетті. Егер де сот төрелігінің ескі жүйесінде істердің жекелеген санаттары бір жарым жылға дейін қаралса, бүгінде олар ең көп дегенде 8 айдың ішінде шешімін табуда. Азаматтық істердің 82 пайыздан астамы бір сот отырысында, ал 58 пайызы – жеңілдетілген іс жүргізу тәртібінде қаралады. Дауды шешудің баламалы тәсілдерін қолдана отырып аяқталған істердің саны 70 пайызға артса, медиацияны қолдана отырып аяқталған істер саны 3 есе артты. Азаматтық процестік кодекске енгізілген нормалар электронды сот ісін жүргізуді жетілдіруге мүмкіндік берді. «Сот кабинеті» сервисі арқылы ағымдағы жылы 600 мыңнан астам электронды құжат келіп түсті.
Қ.Мәми іс-шараға қатысушыларға Ұлт Жоспарында Жоғарғы Сотқа бекітілген барлық қадамдардың сәтті орындалғанын мәлімдеді. Атап айтқанда, бес сатылыдан үш сатылы сот төрелігі жүйесіне көшу іске асырылды, судьяларды іріктеу жүйесі қатаңдатылды, қызмет істеп жүрген судьяларға қойылатын талаптар артты, азаматтық істерді қарауға прокурорлардың қатысуы қысқарды, алқабилер соты қатысатын салалар мен тергеу судьяларының құзыреті кеңейді. Бұған қоса, Сот төрелігі академиясы, Жоғарғы Сотта инвестициялық дауларды қарайтын мамандандырылған алқа мен Халықаралық кеңес құрылды.
Қ.Мәми ағымдағы жылғы 14 қарашадағы жағдай бойынша республикадағы барлық сот отырысы залдарының аудиобейнетіркеу жүйесімен 100 пайызға жарақтандырылғанын айрықша атап өтті. Бұл жұмыс барынша қысқа мерзімде әрі тиісті деңгейде жүргізілді. Бұл сот төрелігінің айқындығын арттырудың тікелей шаралары және Ұлт Жоспарының 20 қадамын орындаудың іс жүзінде аяқталғанын білдіреді.
Жүргізілген реформалар құқықтық қатынас субъектілерінің құқықтары мен заңды мүдделерін тиімді қорғауға, сондай-ақ тұрғындардың сот жүйесіне деген сенім деңгейін арттыруға барынша ықпал етеді. Нәтижесінде, неғұрлым маңызды халықаралық рейтингтердегі Қазақстанның көрсеткіштері жақсарды. Мәселен, ағымдағы жылы Бүкіләлемдік банктің бизнесті жүргізу және инвестициялық ахуалды жақсарту рейтингісінде Қазақстан 190 елдің ішінде 9 орынды иеленді. Қазақстан Бәсекеге қабілеттіліктің ғаламдық индексінде өз көрсеткішін 4 позицияға (72-ден 68-ге дейін) жақсартты. Бұл Қазақстанды әлемнің дамыған 30 елінің қатарына қосудағы сот жүйесінің қомақты үлесі болып табылады.
Сот процесіне қатысушылар арасында Жоғарғы Сот жүргізген онлайн-сауалнама қорытындысы бойынша респонденттердің 74,4 % соттар жұмысының сапасына қанағаттанушылық білдірді. Сауалнамаға барлығы 16,5 мың адам қатысты.
Осы тұрғыда Азаматтық процестік кодекс комментарийінің мән-маңызы зор. Ол қазіргі таңда өте өзекті құжат болып табылады.
Азаматтық процестік кодекс комментарийін таныстыра келе, Жоғарғы Соттың мамандандырылған сот алқасының төрағасы Айгүл Қыдырбаева аталған құжат судьялар мен тәжірибедегі заңгерлер үшін нақты әдістемелік құрал болатындығын, оларға сот төрелігін жүзеге асырудың әр алуан түйткілді мәселелері бойынша дұрыс бағыт таңдауға, азаматтар мен заңды тұлғалардың мүддесін тиімді қорғауға көмектесетіндігін атап өтті.
Сенат депутаты Серік Ақылбай өз баяндамасында жаңа Азаматтық процестік кодексті әзірлеу 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған Құқықтық саясат тұжырымдамасын және республика судьяларының VI съезінде Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерді орындау шеңберінде жүргізілгенін айтты.
Азаматтық процестік кодекс пен оның Комментарийінің маңыздылығы туралы айта келе, БҰҰДБ-ның Қазақстан Республикасындағы тұрақты өкілі Алтангерел Мунхтуя жаңа АПК-ға сәйкес инвестициялық дауларды қарау бойынша мамандандыруды енгізу инвесторлардың қазақстандық сот төрелігіне деген сенімін арттыруға ықпал етті, бұл өз кезегінде бизнесті жүргізу үшін қолайлы жағдайлар жасап, мемлекет экономикасын жаңғыртудың сенімді кепілі бола отырып, еліміздің инвестициялық ахуалын түбегейлі жақсартқанын мәлімдеді.
Жоғары Сот Кеңесінің мүшесі, адвокатура өкілі Балгүл Раисова, Әділет министрлігінің Сот сараптамасы орталығының директоры, профессор Исидор Борчашвили, Бас прокуратураның Соттарда мемлекет мүддесіне өкілдік ету департаменті бастығының орынбасары Марат Әбішев Комментарийдің құқық қолдану тәжірибесіндегі рөлі туралы пікірлерімен бөлісті.
Іс-шара соңында кездесуге қатысушылар ұсынылып отырған құрал Кодекстің барлық негізгі жаңашылдықтарын неғұрлым тиімді іске асыруға мүмкіндік беретінін, отандық құқықтық тәжірибені әлемдегі үздік стандарттарға сәйкестендіретінін тағы бір рет атап өтті.
Г. Берік