Ташкентте жоғалып кеткен әйел үш күннен кейін лифтіден өлі табылды. Жедел саты бірнеше күн бойы бұзылып тұрған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Nova24.uz мәліметіне сілтеме жасап.
Оқиға 24 шілдеде Ташкенттің Мирзо-Ұлықбек ауданындағы Паркент көшесіндегі үйлердің бірінде болған.
26 шілдеде әйелдің туыстары адам жоғалғаны туралы арызбен құқық қорғау органдарына жүгінген. Іздестіру жұмыстарының үшінші күні, яғни 27 шілдеде қайтыс болған әйелді қыз тауып алған. Оның айтуынша, лифт шақырғанда әйелдің жатқанын көрген және оны ұйықтап жатыр деп ойлаған.
Кейін видеодан әйелдің 24 шілдеде лифтке кіргені анықталған. Ол жоғарғы қабаттардың бірінде тұрып қалған екен.
"Жаңа ғимаратқа адамдар әлі толық қоныстанған жоқ, көршілерінің естуі мүмкін емес еді. Оған ешкім көмекке келмеген, содан қайтыс болған. Ол бүгін түнде табылды. Отбасына көңіл айтамыз. Бұл қорқынышты өлім", - деп жазады блогер қайғылы оқиғаға қатысты.
Бас прокуратура лифтте тұрып қалған әйелдің өлімінің себебін атады.
"Алдын ала медициналық қорытынды бойынша, марқұмның өліміне жүректің ишемиялық ауруы, жедел жүрек-қан тамырлары және тыныс алу жеткіліксіздігі себеп болған. Тексеру барысында үй тұрғындары лифт бірнеше күннен бері істен шыққанын және мұндай бұзылу жиі байқалатынын түсіндірді", - делінген басылым жазбасында.
Бас прокуратура мәліметінше, 24-28 шілде аралығында лифт істен шыққан. Ведомство бұл оқиғаны мамандарды тарта отырып, тергеуге дейінгі тексеру аясында зерттейтінін, содан кейін құқық қорғау органдары қылмыстық іс қозғау туралы шешім қабылдайтынын мәлімдеді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!