Жоғалған отбасы туралы өз болжамын айтқан хакер Түркияда ұсталған: ол кім екені белгілі болды

Жоғалған отбасы туралы өз болжамын айтқан хакер Түркияда ұсталған: ол кім екені белгілі болды
Фото: depositphotos.com

Бір отбасының жоғалып кетуіне қатысты істе болжамдар айтып, өзін "хакермін" деп таныстырған ер адам туралы жаңа мәлімет белгілі болды. Атырау облысының прокуратурасы және ІІМ өкілдері осы жайтқа қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Атырау облысының прокуратурасы мәліметінше, соталды тергеп-тексеруді өңірдің Полиция департаменті жүргізіп жатыр.

Ер адамға 190-баптың 3-бөлігі 4-тармағы ("Бірнеше рет жасалған алаяқтық") бойынша айып тағылып отыр. Бұған дейін полиция бұл айыптың бір отбасының өліміне қатысты іспен байланысы жоқ екенін мәлімдеді.

Прокуратура күдіктіге қатысты 9 қаңтарда күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланып, халықаралық іздеу жарияланғанын мәлімдеді. Ведомство мәліметінше, ер адам әлі де Қазақстаннан тыс жерде.

"Күдікті Қазақстаннан тыс жерде болуына байланысты соталды тергеп-тексеру мерзімі Қылмыстық-процестік кодекстің 45-бабы 7-бөлігі 3-тармағына сүйеніп үзілді. Қылмыстық қудалау органы барлық шараны қабылдап жатыр", - деді прокуратура өкілдері.

Десе де, ведомство жауабына сәйкес іс тоқтатылған жоқ.

Ішкі істер министрлігі де тергеу жалғасып жатқанын хабарлады. Сондай-ақ, ведомство күдіктіге сот сырттай күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялап, кейін оған халықаралық іздеу жариялағанын растады.

"Қабылданған шаралар нәтижесінде Интерпол арналары бойынша іздеуде жүрген адам Түркия аумағында ұсталды. Оны Қазақстанға экстрадициялау мәселесі шешіліп жатыр", - деп толықтырды ІІМ өкілі.

20 наурызда күдікті Түркияда ұсталғаны белгілі болды. Содан бері екі айдан аса уақыт өтсе де, ер адам әлі де елге жеткізілмеген.

Qamqor сервисінің мәліметінше, өзін "атыраулық хакер" деп таныстырған ер адам - 32 жастағы Ж.Н. Оның іздеуде жүргеніне 146 күн болған. Іздестіру ісі 2026 жылы 9 қаңтарда Атырау облысында тіркелген.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget