Жоғалған отбасы: Ақбаян Мұқанғалиева психиатриялық ауруханадан Алматыға жеткізілді

Атырау облысы Жангелдин ауылында жоғалып, кейін ажал құшқан отбасының ісіне қатысты жаңа мәлімет белгілі болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Өңірлік прокуратура мәліметінше, Ақбаян Мұқанғалиева Алматыдағы сот сараптама институтына жіберілген.

"Ақбаян Мұқанғалиева стационарлық кешенді сот-психолого-психиатриялық сараптама өткізу үшін Алматыдағы сот сараптама институтына жіберілді. Оның қорытындысы әлі алынған жоқ", - деді Атырау облысы прокуратурасының өкілі.

Бұған дейін күдікті сот санкциясымен Атырау облысындағы арнайы медициналық мекемеге орналастырылған болатын. Наурыздың соңында прокуратура өкілдері әйелден психикалық ауытқу белгілері анықталса, оған Алматыда сараптама тағайындалатынын айтқан еді.

Күдікті мәртебесіне қарамастан, Ақбаян Мұқанғалиеваға әзірге нақты айып тағылған жоқ және бұлтартпау шарасы таңдалмаған.

"Күдіктілердің іс-әрекетіне түпкілікті құқықтық баға істің барлық мән-жайы анықталып, тағайындалған сараптамалардың нәтижелері алынғаннан кейін беріледі", - деп жазылған прокуратура жауабында.

Негізгі күдікті - қаза тапқан отбасының күйеу баласы Сұлтан Сәрсемалиевке де тергеу кешенді сот-психологиялық және психиатриялық сараптама тағайындаған. Екі күдіктінің де қорытындысы әлі дайын емес.

Сонымен қатар, оның қай жерде сараптамадан өтіп жатқаны нақтыланбаған.

Атырау облысында жоғалған отбасының ісі

Еске салайық, 2025 жылы 25 желтоқсанда Атырау облысының полициясына бір отбасы жоғалғаны туралы арыз түскен. Туыстарының айтуынша, отбасы қарашадан бері байланысқа шықпаған. Төртеуіне де жоғалып кеткен адамдар ретінде іздеу жарияланды:

  • 66 жастағы Мақсот Қарабалин;
  • 64 жастағы Нәсіп Өтешқалиева;
  • 35 жастағы қыздары Мейрамгүл Қарабалина;
  • 32 жастағы ұлдары Наурыз Мұқанғалиев.

Бұл дерек бойынша соталды тергеп-тексеру басталып, жедел тергеу тобы құрылды.

Атырау облысы ПД

6 қаңтарда ерлі-зайыпты сарайдың ішінен өлі табылды. 8 қаңтарда ерлі-зайыптыны ақтық сапарға шығарып салу рәсімі өтті. Осыдан кейін іс адам өлтіру дерегі бойынша қайта сараланып, марқұмдардың балаларын іздеу жұмыстары жалғасты. Кейін олар да өлі табылды.

Tengrinews.kz

Күдікті туралы

Қылмыс жасады деген күдікпен 29 жастағы ер адамға, яғни осы отбасының бұрынғы күйеу баласына халықаралық іздеу жарияланды. Онымен бірге ерлі-зайыптының кіші қызына да халықаралық іздеу жарияланды. Бұрын ол күдіктімен некеде тұрған.

Күдікті Сұлтан Сәрсемәлиевті іздестіру ісі 8 қаңтарда Атырау облысында тіркелді. Іске бастамашы болған - ІІМ. Бұл істі Атырау облысы Полиция департаменті жүргізді.

qamqor.gov.kz

24 ақпанда ҚР ІІМ Атырау облысындағы қос кісі өлтіру ісі бойынша күдіктіні және марқұмдардың кіші қызын Индонезияда ұстағаны белгілі болды. Марқұмдардың қызы да күдікті ретінде танылды. 

Кейінірек ІІМ баспасөз қызметі күдікті Сұлтан Сәрсемалиевке қатысты Қылмыстық кодекстің мына баптары бойынша тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлады:

  • 99-баптың 2-бөлігі 1 және 13-тармақтары - "Екі немесе одан да көп адамды өлтіру";
  • 188-баптың 2-бөлігі - "Алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған ұрлық"
  • 190-бап - "Алаяқтық".

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!