Қалалық мәслихатта қоғамдық тыңдау өтіп, онда «Жұмыспен қамту жол картасы - 2020» бағдарламасы шеңберінде елордада жұмыссыздық деңгейін төмендету бойынша жұмыстың нәтижелері қаралды. Үстіміздегі жылы бағдарламаны іске асыру қорытындыларын қалалық жұмыспен қамту, еңбек және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының міндеттерін атқарушы Артем Әбілдинов баяндады. Бұл туралы Астана қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Оның айтуынша, 2016 жылы «Жұмыспен қамту жол картасы - 2020» бағдарламасы екі бағыт бойынша іске асырылуда: «Инфрақұрылымды және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту есебінен жұмыспен қамту» және «Оқыту арқылы жұмысқа орналасуға көмектесу және жұмыс берушінің қажеттіліктері шеңберінде көшіру».
«Бағдарламаны қаржыландыру көлемі 3 млрд. 559,1 млн теңгені құрайды. Соның ішінде, республикалық бюджет есебінен - 3 млрд. 46,7 млн теңге және жергілікті бюджеттен - 512,4 млн теңге. Игеру - 95%», - деп хабарлады А. Әбілдинов.
Қалалық жұмыспен қамту, еңбек және әлеуметтік қорғау басқармасының мәліметтеріне сәйкес, 2016 жылдың 1 желтоқсанындағы жағдай бойынша бағдарламаның 4926 қатысушысы жұмысқа орналастырылды, соның ішінде 3554-і тұрақты жұмысқа, 661-і жастар тәжірибесіне, инфрақұрылымдық жобалар шеңберінде - 590, әлеуметтік жұмыс орындарына 121 адам орналастырылды.
«Бағдарламаны іске асыру тиімділігін арттыру мақсатында ақпараттық жұмыс жүргізілуде. Биыл бұқаралық ақпарат құралдарында 239 мақала жарияланды. Қалалық Жұмыспен қамту орталығы тұрғындар жиі баратын орындарда түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, халықты әлеуметтік желілер арқылы ақпараттандыруды қолға алды», - деп атап көрсетті қалалық жұмыспен қамту, еңбек және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының м.а..
Жыл басынан бері елордада халықтың жұмысқа орналасуына қолдау көрсету мақсатында 12 бос орындар жәрмеңкесі өткізілді.
«Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға, әйелдер мен жастарға арналған мақсатты жұмыс жәрмеңкелері ұйымдастырылды, сондай-ақ, қаладағы оқу орындарының түлектері үшін бос жұмыс орындарының жәрмеңкелері өткізілді», - деді ол.
Қаланың бес сауда нүктесінде Жұмыспен қамту орталығының өкілдері ашылды, ондағы мамандар халыққа жұмысқа орналасу мәселелері бойынша кеңес береді.
Жұмыс іздеушілерге қажет ақпарат «CZ Astana» қосымшасы арқылы да таратылады. Елордада жұмыспен қамту бағытындағы шаралардың арқасында жұмыссыздық деңгейі төмендетілді. Бүгінде оның көрсеткіші Астанада 4,6% құрайды, бұл республикалық деңгейден 0,3%-ға төмен.
Өзін-өзі жұмыспен қамтушы, жұмыссыз халықты және мүмкіндігі шектеулі азаматтарды мемлекеттік қолдау бағдарламасын іске асыру келесі жылы жалғасын табады.