- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Jingle Bells, Jingle...
Jingle Bells, Jingle Bells. Жаңажылдық әндердің тарихы қандай?
Жаңа жыл десе, ойыңызға бірінші қандай ән келеді? Бірі Jingle Bells десе, енді "В лесу родилась елочка" деп әндетеді. Massaget.kz тілшісі қазақстандықтар жақсы білетін жаңажылдық әндердің тарихын жазды.
Jingle Bells
Жаңажылдық ән десе, көбінің есіне "Jingle Bells" түседі. Бірақ бұл ән Жаңа жылға емес, Рождествоға арналған.
Негізі бұл әнді 1857 жылы Джеймс Лорд Пьерпонт жазған. Бастапқыда One-horse Open Sleigh деп аталған әнде шаңғы теуіп жүрген жұп туралы айтылады. Бір қызығы, Пьерпонт туындысын басында Рождествоға да емес, Алғыс айту күніне арнаған. Уақыт өте келе ән бүгінгідей Рождествода айтыла бастады.
Пьерпонт Медфорд деген шағын қалада тұрған - бұл тұрғыны аз, кедей отбасылар өмір сүретін мекен. Бүкіл бір қалада бір ғана фортепиано болыпты. Сол фортепиано иесі әнді алғаш естігенде сылдырмаққа ұқсатқан. Сөйтіп, Jingle Bells, яғни "Қоңырау" деген атпен бұл ән бүкіләлемдік хитке айналды.
Jingle Bells шыққалы әнді көптеген әнші орындады. Бірақ Фрэнк Синатраның нұсқасы ең көп таралған.
"В лесу родилась елочка"
Бүкіл әлемге тарамаса да, кезіндегі Кеңес кезінен, кейін ТМД елдерінде жақсы танылған ән - "В лесу родилась елочка".
Бұл әннің де тарихы терең. Авторлары - композитор Леонид Бекман мен ақын Раиса Кудашева.
Ол басында ән емес, өлең ретінде шығарылған. Шырша туралы өлең 1903 жылы жазылған. Раиса Кудашева бала кезінен өлең жазуға әуес болады. Сол 1903 жылы желтоқсанда "Малютка" журналында "Елка" атты өлең жарық көрді. Бұл - кейін хитке айналатын жаңажылдық әннің бастамасы. 1905 жылы дворянин Леонид Бекман бұл өлеңнің әнін жазған. Ол нота танымағандықтан, әнді жары, консерватория профессоры Елена Бекман-Щербина хатқа түсірген.
Раиса Кудашева кезіндегі өлеңі әнге айналғанын 1921 жылы ғана естіген. Пойызда оның өлеңін кішкентай қыз әндетіп отырған.
Содан бері "В лесу родилась елочка" халық арасында таныла бастаған. Ән авторы Раиса Кудашева 1950-жылдары ғана елге белгілі болды, ол "Вечерний Москва" мен "Огонекте" сұхбат берген.
Let It Snow! Let It Snow! Let It Snow!
Бұл әнді де Жаңа жылда көп естіген боларсыз. Let It Snow! Let It Snow! Let It Snow! әні, яғни "қар жаусын" дейтін туынды да әлемдік хитке айналған.
Бұл әннің тарихы 1945 жылдан басталады. Ол көбі ойлағандай қыста емес, жаздың аптабында жазылған. Сол кезде ақын Сэмми Кан мен бродвейлік сазгер Жюль Стайн Америка тарихындағы ең ыстық жазға тап болып, Калифорнияда аптаптан тығылып жүрген. Жағажайға барып, суға түсудің орнына екеуі үйге барып, қар туралы ән жазуға бел буған.
"Let It Snow жылдың ең ыстық күнінде Hollywood and Vine-да жазылды. Мен Жюль Стайнға: "Жағажайға барып, неге жуынып қайтпасқа?" дедім. Ал ол: "Неге үйде қалып, қыс туралы ән жазбасқа?" деді. Мен баспалау машинасына отырып, "O, дала сондай жаман, бірақ ошақтағы от тамаша, ешқайда бармайтын болсақ, қар жаусын, қар жаусын, қар жаусын" деп жаза бастадым", - деп еске алады Кан Пол Золлоның Songwriters on Songwriting кітабында.
Әнді алғаш болып 1945 жылы Вон Монро орындап, 1946 жылдың қаңтарына дейін Billboard чарттарында бірінші орында тұрды. Фрэнк Синатра орындағаннан кейін нағыз хитке айналды. Бүгінде біз фильмдерде естіп жүргеніміз сол Синатраның нұсқасы.
"Пять минут"
Кезіндегі "Карнавальная ночь" фильмінде Людмила Гурченко орындаған ән бүгінге дейін өзегін жоғалтқан жоқ. Кинода "бес минутта көп нәрсе істеп үлгеруге болады" деп ән шырқау идеясы режиссер Эльдар Рязанов, композитор Анатолс Лиепиньш пен ақын Владимир Лившицтің өзара жұмысынан туған.
Ән 1956 жылы фильм үшін арнайы жазылған. Рязанов, Лиепиньш пен Лившиц ескі және жаңа жылдың 5 минуты туралы сөйлесіп, кейін аз уақыт ішінде не істеп үлгеруге болады деп ойлаған.
Ән бас кейіпкерді сомдаған Людмила Гурченконы бүкіл кеңес аумағына танымал етті. Туындының өзі бүгінде жаңажылдық дастархан басында, концерттерде орындалып жүр.
Happy New Year
Заманауи музыка тарихында ең атақты жаңажылдық әндердің бірі - Happy New Year. ABBA орындайтын ән 1980 жылы шыққан. Онда ертеңгі күнге деген сенімсіздік туралы айтылады.
Бенни Андерссон мен Бьорн Ульвеус басында мұны "Әке, Рождествода ішпеңізші" деген әзіл-ән ретінде шығарғысы келген.
Кейін бізге қазір жақсы таныс ән жаңа мәтін алды: кейбірі үшін ол әдеттегі жаңажылдық туынды болса, бірі үшін өте қайғылы ән. Себебі көбі Happy New Year әні Агнетта мен Бьорнның айырылысуына арналған деп санайды. Себебі ән былай басталады:
"Шампан бітті, отшашулар жанып болды, енді екеуіміз қалдық: жалғызсырап, көңіліміз қаяу".
Happy New Year 1980 жылы Super Trouper альбомында жарияланды. Бірақ жеке сингл ретінде тек 1999 жылы шықты.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Е. Төлеш