- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Жигули Дайрабаевтың ұлдары...
Жигули Дайрабаевтың ұлдары ер адамды құлдықта ұстаған: депутат пікір білдірді
Депутат Жигули Дайрабаевтың басы тағы да дауға қалды. Бұл жолы депутаттың ұлдары ер адамды құлдықта ұстады деген ақпарат тараған. Дайрабаев бұл ақпаратқа қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Жигули Дайрабаев әлеуметтік желідегі парақшасында Василий Ковешников деген ер адамның сөздеріне қатысты пікір білдірді. Ковешников депутаттың ұлдары оны құлдықта ұстағанын мәлімдеген.
"Мен Василий Ковешников деген ер адаммен жеке таныс емеспін. Бірақ, менің білуімше, ол 1,5 жыл менің ұлыммен ауыл шаруашылығында әртүрлі жұмыс істеп жүрген. Ол ешқандай да құлдық емес, өз қалауымен жүрді және қалаған уақытында үйіне барып келіп жүре алатын, бұл оның құқығы! Құжаты да өзінде еді, ауданда еркін, қалауы бойынша жүретін", - дейді депутат.
Жигули Дайрабаевтың сөзінше, бұл депутатқа қарсы істелген кезекті "тапсырыс".
"Мен адвокаттар арқылы жақын арада өз құқықтарымды, ар-намысымды және қадір-қасиетімді қорғау үшін құқық қорғау және сот органдарына жүгінуге ниеттімін! Себебі менің абыройыма қарсы арнайы тапсырыспен жазбалар жаздырып жүрген адамды білемін. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес барлық қатысушы тұлға тиісті қылмыстық және өзге де жауапкершілікке тартылады деп санаймын", - дейді Мәжіліс депутаты.
Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желіде Мәжіліс депутаты Жигули Дайрабаевқа қатысты тағы бір дау шыққан болатын. Жамбыл облысының тұрғыны депутат заңсыз түрде құны 100 миллион теңгеден асатын үйін алып алғанын айтты.
Желіде тараған видеода Мерке тұрғыны сот талқылауына депутат Жигули Дайрабаев заңсыз араласып, құны 140 миллион болатын үйін өз атына аударып алғанын мәлімдеген. Депутат осы мәселеге қатысты пікір білдірді. Жигули Дайрабаевтың айтуынша, Меркедегі үй заңды түрде алынған, үй иелерінің құқықтары сақталған.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина