- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Жигули Дайрабаев қазақ...
Жигули Дайрабаев қазақ тілінен емтихан тапсырды
«Ауыл» партиясынан президенттікке үміткер Жигули Дайрабаев мемлекеттік тілден емтихан тапсырды, - деп хабарлайды Масагет порталы ОСК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бүгін ОСК-да Дайрабаев Жигули Молдақалықұлы мемлекеттік тілді еркін меңгеруді анықтау жөніндегі лингвистикалық комиссияның отырысы өтті.
Лингвистикалық емтихан үш кезеңде өтті: жазбаша тапсырма жазу, классикалық қазақ әдебиеті шығармасынан үзінді оқу және таңдалған тақырып бойынша 15 минуттан кем емес сөз сөйлеу.
Емтихан тапсырылған соң талқылау және қорытындылау болды.
Отырыстың қорытындысын Лингвистикалық комиссия төрағасы, филология ғылымдарының докторы, профессор Әділ Ахметов мәлімдеді.
Үміткердің жазбаша тапсырмасы «Менің елім, менің жерім» тақырыбында болды. Шығарма мазмұны, стилі, емлесі мен тыныс белгілері бойынша бағаланды. Үміткер оған берілген уақыттың барлығын жазу үшін пайдаланды. Екінші тапсырмада Абай Құнанбаевтың өлеңдерін оқыды. Үшінші тапсырма «Күшіміз – бірге» тақырыбында 15 минуттық презентация.
Емтихан қорытындысы бойынша лингвистикалық комиссия бірауыздан ашық дауыс беру арқылы президенттікке кандидат Жигули Молдақалықұлы Дайрабаевты мемлекеттік тілді жетік меңгерген деп шешті.
30 қыркүйекте Жигули Дайрабаев «Ауыл» партиясынан президенттікке кандидат ретінде ұсынылды.
Айта кетейік, Жигули Дайрабаев – «Атамекен» ҰКП Төралқасы Агроөнеркәсіптік кешен комитетінің төрағасы және Қазақстан фермерлері қауымдастығының төрағасы. Қазақстан фермерлері қауымдастығының сайтындағы ақпаратқа сәйкес, Жигули Дайрабаев 68 жаста. Үйленген, үш баласы мен жеті немересі бар.
Қазақстанда мерзімінен бұрын президент сайлауы 2022 жылдың 20 қарашасында өтеді.
Т. Раушанұлы