“Жиі жол апатына ұшыратып жатыр“. Депутат оң жақ рөлді Toyota Alphard көліктерін шектеуді ұсынды

Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров Қазақстанда жол апаты жиілеп кеткеніне назар аударды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Депутаттың сөзінше, 2025 жылдың бірінші жартысында 15 698  жол апаты болған.  Бұл былтырмен салыстырғанда 54 пайызға көп. Жол апатынан 22 346 адам зардап шегіп, 1 466  адам қаза тапқан.

"Тек бір айдың ішінде Қазақстанда ірі жол апаттары болып, 25 адамның өмірі қиылған. Маңғыстау облысында жол апатынан 10 адам, Жетісу облысында 10 адам, Қарағанды облысында 5 адам қаза тапқан" - деді ол.

Ерлан Саиров жыл басынан бері Қарағанды облысында 49 адам қаза тапқанын, соның үштен бірі такси қызметін пайдаланған азаматтар екенін жеткізді.

"Дәл осындай жағдай республикалық маңызы бар жолдардың барлығына дерлік тән. Такси жүргізушілердің көпшілігі - жас жеткіншектер. Олар күні-түні демалмай, үш-төрт рет қалааралық рейс жасап, жолаушылар тасымалдайды. Түні бойы денені сергітетін сусын ішіп, оның әсері біткеннен кейін лезде ұйықтап кетеді. Соның салдарынан жол апаты болып жатады. Бұдан бөлек қалааралық тасымалдауда көбіне оң жақ рөлді Toyota Alphard көліктері қолданыста. Бұл алдындағы көліктен басып озу барысында қарсы жолақта келе жатқан көлікті көруге кедергі жасап, жиі жол апатына ұшыратып жатыр. Мұны да шектейтін уақыт жетті", - деді ол.

Депутаттың пікірінше, басқа азаматтардың өміріне қауіп төндіріп ақша табу - күнә.

"Сондай-ақ, жүргізуші куәлігін 250 мың теңгеге алуға болатыны жөніндегі жарнама барлық қалада таралған. "Помогайкалар" куәлікті мектепте оқымай-ақ алуға болатынын жасырмайды! Сондықтан жүргізуші дайындайтын мектептердің жауапкершілігін арттыру, сервистердің де заң алдындағы жауапкершілігін күшейту өте маңызды!" - деді ол.

Бұл тұста Мәжіліс депутаты дамыған елдердің тәжірибесін пайдалануды ұсынды.

"АҚШ-та жүргізушілерге қойылатын талап өте қатаң. Такси қызметін көрсету үшін әрбір жүргізушінің жеке басы, денсаулығы, соттылығы, жүргізуші куәлігі, тынығуы толық сүзгіден өткізіледі. Жүргізуші жолда жылдамдықты шектен тыс арттырса, жол полициясы айыппұл салып, бірден Uber жүйесіне мәлімет жібереді. Ол дереу жүргізуші парақшасын 2 жылға жауып тастайды екен. Біздің елімізде де осындай шаралар енгізілуге тиіс", - деді Саиров.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!