Желі қолданушылары елімізде қандай да бір саяси науқан болса, тұрғындардың назарын басқаға аудару үшін қоғамда басқа ақпарат қызу талқыланып кететінін айтып жатады. Мысалы, танымал блогер Айжан Байзақованың жалған той жасап, әлеуметтік ролик түсіруінің елдегі сайлауға сәйкес келуі кездейсоқ емес деген пікірлер айтылады. Одан бөлек, Желі қолданушылары биыл 14 қаңтарда Сенат депутаттарының сайлауы өткен кезде әлеуметтік желіде "министрліктің қызметкерлері лифтте сүйісті" деген видеоның тарауы да бекер емес екенін жарыса жазған. Елде халықтың назарын аудару үшін осындай манпуляция әдістері қолданылатыны рас па? Бұл туралы Massaget.kz тілшісі арнайы мамандардан сұрап көрді.
Халыққа не маңыздырақ?
PR-маман, бизнес және медиа-тренер Салтанат Әскербекқызы қоғаммен байланыста, саяси PR-да ақпараттық кеңістікті толтыратын, халық назарын аударатын құрал, себеп әртүрлі болуы мүмкін екенін айтады.
"Жалпы, халықтың назарын аудару туралы сөз қозғағанда, қоғамдағы "азаматтық белсенділік", "халықтың саяси сауаты", медиасауаттылық жайында да айту керек деп есептеймін. Бұл белсенділік қоғамдық институттар тарапынан өлшенеді (сауалнама, сараптама). Медиасауаттылықтың басты шартының бірі - сын тұрғысынан ойлау, яғни басқаға назар аудару сияқты "елең еткізетін" ақпараттың құрығына түспеу үшін, халық сауаты жоғары болуы керек", - дейді Салтанат Әскербекқызы.
Оның сөзінше, әр адам азаматтық жауапкершілікті сезген жағдайда қоғамның назарын аудартатын дүниелерге мән бермес еді.
"Азаматтық жауапкершілікті сезінген қоғам ғана Сенат және басқа сайлауды назарда ұстап, уақытын әлеуметтік желідегі "елең еткізер" сүйісу жайлы ақпаратқа емес, саяси маңызы бар шараға бөлер еді. Яғни халыққа не маңыздырақ? Тәуелсіздіктің 32 жылына аяқ бастық, "көңілді аулайтын" саяси құралдан сабақ алатын уақыт жеткен шығар… Қоғамдық институттардың халық белсенділігі қай кезде және қай тақырыпта жоғары тіркелді деген сараптамасы не зерттеуіне жүгінсеңіз, өкінішке қарай, қоғам көбіне біреудің жеке өміріне не басқа алып-қашпа әңгімені талқылап, уақытын соған арнайтынына көз жеткізуге болар. Мәселе біреуді саяси және басқа құралына қатысты кінәлауда емес, әр азаматтың әрекетіндегі жауапкершілікте", - дейді маман.
"Шіріген шабақ" әдісі
Тағы бір PR маман Айбар Олжаев саяси технологиялар мен кейбір PR тәжірибелерде назарды басқаға аудару әдісі барын айтады.
"Ол "шіріген шабақ" деп аталады. Белден төмендеу, үлкен резонанс тудыратын дүниелерді қажет кезінде жарыққа шығару. Ал бізге келсек, біраз сұрақ бар. Бізде көп құбылыс басқарылмайды, хаос элементтері көп. Көп дүние кездейсоқ болып жатады. Сондықтан мұндай кешенді дүниелер қолдан жасалды ма, әлде өзімен-өзі кездейсоқ туындап жатыр ма, дөп басып айту қиын", - дейді маман.
Айбар Олжаев биылғы Сенат сайлауында "шіріген шабақ" әдісі қолданылды деп санамайтынын айтады.
"Сенат сайлауы - шіріген шабақ қолданатындай салмаққа ие деп ойламаймын. Сондықтан лифт оқиғасы стихиялық түрде өзімен-өзі пайда болды деген пікірдемін", - дейді Айбар Олжаев.
Ол мұндай әдістер қаншалық қажет екені туралы ойын айтты.
"Жалпы, қоғамға мұндай манипуляция қажет пе? Ондай дүниенің эффектісі күмәнді және қысқа мерзімді. Бұл уақытты өлтіретін, қажетсіз дүние. Оған кететін ресурсты қоғамда ашықтықты дамытуға, барлық процесс пен шешім қабылдау системасын шынайы көрсетуге бағыттасақ, тез арада экономикалық даму жолына түсе аламыз. Нағыз мемлекетшілдік позиция осындай болуы керек деп ойлаймын", - дейді маман.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!