Ninety One тобының солисі, рэп орындаушы Zaq (Дулат Mұхаметқали) алғаш рет K-POP кастингінен қалай өткенін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ол бұл туралы Dopesoz-ге берген сұхбатында бөлісті.
"Рэп жазбас бұрын, 2012 жылы Алматыға Кореяның SM Еntertainment компаниясы келіп, кастинг өткізді. 3 мың адамның ішінде 2-турдан өтіп, шабыттанып кеттім. Өйткені 3 мың адам ішінен 10 шақты адам қалдық. Ауылда, Үржарда жүрдім ғой. Қалаға келгенде бірінші рет K-POР деген нәрсені көріп қабылдай алмадым. Жігіттер колготки киіп алған ба, не істеп алған деп ойладым. Ол кезде колготкалары гүлді болған. Не мынау деп ойлап қалдым. Бірақ ұйымдастыру деңгейін көргенде таңғалдым".
Өнер иесінің айтуынша, бір кездері тіпті Кореяға кету үшін корей тілін оқуды қолға алған.
"Кейін K-POР-ты зерттей бастадым. Әншілерін көріп, индустриямен таныса бастадым. Сөйтіп жүргенде рэп оқығым келгені есіме түсті. Ол кезде мен тек билейтінмін. Мүмкін ән айтпай, рэп оқымағасын өтпей қалған шығармын деп ойладым. Рэп оқу үшін дамуым керек дедім. Солай қазақ рэпімен таныстым. Негізгі жоспарым бойынша, Алматыға ИнЯз-ға түсіп, корей тілін оқып, Кореяға кетуім керек еді. Неге Корея? Неге Америка емес? Себебі мен - азиялықпын, үйлесіп кетемін деген ой болды. Ал мына жақта (Қазақстан - еск.) жағдай болған жоқ", - дейді рэп орындаушы.
Әртістің айтуынша, K-POP - мемлекеттік бағдарлама. Корея үкіметі сол арқылы өз идеологиясы мен мәдениетін таратып отыр.
"Ол - мемлекеттік бағдарлама. Корея өз мәдениетін осы K-POP арқылы өзге елге сатып үйреніп алғаны сонша, мен Үржардан Кореяға кеткім келді. Үржарда отырып, корей тілін оқығым келіп кетті", - дейді ол.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!