Тиран – бақылағанды және билегенді жақсы көретін адам. Мұндай адамның қармағына түсіп қалмас үшін тиранды уақытында анықтау маңызды. Психолог Екатерина Батаева Gazeta-ға қарым-қатынастың басында тиранды анықтауға болатын белгілерді айтып берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Маман тиранды сырт келбетіне қарап анықтау мүмкін емес екенін айтты.
"Түріне қарап тиранды анықтау мүмкін емес. Себебі ол табысты және тартымды ер адам болуы мүмкін. Тиранмен қарым-қатынас орнатқан қыз қақпанға түседі. Ол оны үнемі бақылайды, сынайды, есеп беруді талап етеді. Әйел өзін кінәлі сезінеді, іштей сенімсіздік пен мазасыздық пайда болады. Манипуляция – оның айналадағыларға білдіртпей өз қалағанына жетуінің сүйікті әдісі. Тиран жиі адамның әлсіз тұсын пайдаланады, оның кінә және ұят сезімімен ойнайды", - деп түсіндірді сарапшы.
Тиранды бірнеше белгіге қарап анықтауға болады.
"Ер адам сіздің кестеңізді толықтай иеленіп алады. Ол сізге не киген дұрыс екенін, қайда және кіммен бару керегін немесе бармау керегін сізден жақсы біледі. Ол әйелдің жұмыстан нешеде шыққанын және үйге нешеде келгенін бақылап отырады. Қоңырау шалады, жазады, қалай жеткеніңізді "уайымдап" отырғанын айтады. Ол әйелді оның ата-анасы секілді бақылайды. Алайда мұндай "қамқорлық" біртіндеп шектеуге, тыйымға және жазалауға айналады", - дейді психолог.
Сондай-ақ тирандарға бақылаусыз ашулану, қызғану, мазақ ету және айырылысатынын айтып қорқыту тән.
"Тиран сәтсіздіктер үшін әйелді және басқаларды кінәлайды. Ол жиі өтірік айтады, егер оған осы жайлы айтсаңыз, ол агрессия көрсетеді. Ол сондай-ақ әйелдің жұмыс істеуіне қарсы, ол оған тәуелді болуы керек", - дейді Екатерина Батаева.
Алайда психолог мұндай адамды қарым-қатынастың басында байқамай қалуыңыз да мүмкін екенін айтты.
"Қарым-қатынастың басында ол сізбен өзін мінсіз ұстайды, бірақ даяшыларға, такси жүргізушілеріне, курьерлерге, өзінің анасына дөрекі сөйлейді. Мұндай ер адаммен сөйлескеннен кейін өзіңізді біртүрлі сезінесіз: өзіңізді кінәлі немесе бақытсыз сезінуіңіз мүмкін. Кейде одан "сен өзің мені осыған итермелейсің" деген секілді сөздер шығып қалады. Себебі ол өз әрекеті үшін жауапкершілікті сізге итере салады. Оған қоса, ол сізді өзінің суықтығымен және үнсіздігімен жазалайды. Тиран біртіндеп қыздың араласатын ортасын шектей бастайды", - дейді маман.
Әдетте өзін-өзі бағалауы төмен, балалық кезінде жеткілікті түрде махаббат алмаған, жеке шекарасын қоя алмайтын және "жоқ" дей алмайтын әйелдер тирандардың құрбанына айналады.
"Мұндай әйелдерді бақылау оңай, себебі олар жеке шекарасын қорғамайды, дұрыс емес әрекетке шыдайды. Келіспейтін жерде келісе берсеңіз, сіз ыңғайлы қызға айналасыз. Мұндай әйелдерді ерлер бағаламайды және құрметтемейді. Егер "жоқ" деп айтып үйренсеңіз, өміріңізде бақытты сәттер көбейе түседі. Сіз өзіңізге ұнайтын ғана ер адамды, қарым-қатынасты және өмірді таңдайтын боласыз", - деп кеңес берді Екатерина Батаева.
Оқи отырыңыз: Өз-өзіңізге абьюзер екеніңізді көрсететін 7 белгі