- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Науқастар туралы
Жезқазғандағы жанармай базасында жарақат алған адам ауыр халде жатыр
Жезқазғанда жанармай сақтау базасында жарақат алып аурухана түскен адамдардың жағдайы айтылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Оның бірі жансақтау бөлімінде ауыр халде жатыр. Өткен демалыс күндері қоймада алдымен өрт шығып, кейін бірнеше рет жарылыс болған.
Жанармай қоймасы Жезқазған мен Сәтбаев қалалары арасындағы тасжол бойында орналасқан. Алдымен газ және бензин таситын көліктер лап еткен. Құтқарушылар келгенше бірнеше жарылыс болған. Соңғысының қатты болғаны соншалық - цистерналар тұрған ангар құлаған. Болжам бойынша бұл - газ жарылысы. Өртсөндірушілердің бір бөлігі отпен алысса, екіншілері жанармай толы резервуарлар қызып кетіп, жарылмас үшін оларды салқындатып әлек болған.
Қойманың 100 шаршы метр жері жанып кетті. Төтенше жағдайдың себептері анықталып жатыр.
Ауруханаға күйік жарақаттарымен бес адам жеткізілді. Миы шайқалған екеуі ертең үйіне шығады. Орташа күйік алған екеуі бақылауда. Ал қатты жарақат алған бір науқас әлі есін жия алмай жатыр.
"Екі рет ота жасалды, жансақтау бөлімінде жатыр. Жағдайы қазір белгісіз. Ештеңе айта алмаймыз. Басы бірнеше жерден жарылған. Жарақаттары да бар. Соған байланысты ота жасалып жатыр", - дейді Жезқазған көпбейінді ауруханасы директорының орынбасары Шахрух Юлдашев.
Еске салайық, бұған дейін Жезқазғандағы мұнай базасында жойқын жарылыс болғаны, салдарынан зардап шеккендер бар екені хабарланды.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Қадыржанова