Жезқазғанда криптовалюта арқылы жасалған пирамида әшкереленді

Жезқазған қалалық соты қаржы пирамидасын ұйымдастырған әйелге қатысты үкім шығарды,- деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Ұлытау облысының прокуратурасына сілтеме жасап.

Прокуратураның мәліметінше, айыпталушы 2024 жылдың наурызынан желтоқсанына дейін Telegram мессенджері арқылы жалған ақпарат таратып, адамдарды электронды валютаға (криптовалютаға) инвестиция салуға үгіттеген. Жаңа қатысушыларды тарту үшін ол кеңседе арнайы кездесулер ұйымдастырған.

"Жезқазған қалалық соты қала тұрғынын қаржы пирамидасын ұйымдастырып, іске асырғаны үшін кінәлі деп танып, 22 азаматқа жалпы көлемі 27 миллион теңге залал келтіргені үшін 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады", – делінген ресми хабарламада.

Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Ұлытау облысы прокуратурасының баспасөз қызметі таратқан мәліметке сәйкес, қаржы пирамидасы ретінде әрекет еткен компанияның атауы – Bivexo group LTD.

"Прокуратура азаматтарды мұқият болуға, компаниялардың қаржылық қызметін және тиісті лицензияларының бар-жоғын тексеруге, сондай-ақ қаржы пирамидасының белгілері бар схемаларға қатыспауға шақырады", – деп ескертті ведомство.

Қаржы пирамидасын қалай тануға болады?
Бұған дейін Бас прокуратура қаржы пирамидасының басты белгілері мен одан қалай сақтану керектігін түсіндірген еді.

Негізгі белгілері:

Компанияның лицензиясы немесе ресми тіркеуі жоқ;
БАҚ арқылы тым белсенді жарнама жасайды;
Компания қызметі нақты сипатталмаған;
Тауар немесе қызметті міндетті түрде сатып алуды талап етеді.

Қолданатын сөз тіркестері:

"жоғары табысты бизнес"
"кепілдендірілген кіріс"
"табыс әкелетін онлайн-жоба"
"инновациялық жоба"
"онлайн табыс көзі"

Назар аударуға тиіс сөздер:

"Тез ақша табыңыз!"
"Мүмкіндігіңізді жіберіп алмаңыз!"
"Қарыздан құтылуға көмектесеміз!"
"Бүгін инвестиция салыңыз!"
"Банк несие бермеді ме? Біз көмектесеміз!"

Қаржы пирамидасының құрбаны болсаңыз, қайда жүгінуге болады?

Егер сіз қаржы пирамидасына тап болдым деп күмәндансаңыз, мына мекемелерге жүгіну қажет:

Өзіңіздің тұрғылықты жердегі құқық қорғау органдарына;
Ішкі істер министрлігіне;
Қаржылық мониторинг агенттігіне;
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне.


Сақтықта қорлық жоқ!

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!