Жезқазған жылу электр орталығында апат болды

Жезқазған жылу электр орталығында апат болды
Фото: ekaraganda.kz

Жезқазған жылу электр орталығында апат болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ауа райының қолайсыздығынан электр беру желісі ажыратылған.
 
"Кеше, 13 шілдеде сағат 21:12-де қолайсыз ауа райы кезінде Ақадыр-Жезқазған 500 кВ электр беру желісі ажыратылды. Электр желісі параметрлерінің өзгеруі Жезқазған ЖЭО-дағы №7 және 11 қазандықтардың қозғалтқыштарында жиілік түрлендіргіштердің ажыратылуына, артынша сөнуіне әкелді. Будың болмауына байланысты №4, 7 турбиналар тоқтатылды, салдарынан генерация толық төмендеді", - деп хабарлайды энергетика министрлігінің баспасөз қызметі өкілдері. 

Станцияның жұмыс режимін қалпына келтіру бір сағаттан кейін сағат 22:20-да басталды.

Министрлік Жезқазған ЖЭО-ның толық тоқтауы бірінші рет емес екенін айтты. 19 маусым сағат 12:45-те өзінің электр қажеттіліктерін жоғалту салдарынан станция генерациясы 129-дан 0 МВт-қа дейін төмендеген.

"Осының негізінде "Қазақмыс Энерджи" ЖШС-ның басшылығына Жезқазған жылу электр орталығының сенімді жұмысын қамтамасыз ету жөнінде пәрменді шаралар қабылдау тапсырылды", - деді ведомстводағылар.

Энергетика министрлігінде 17 шілдеде "Қазақмыс Энерджи" ЖШС-ның қауіпсіз жұмыс мәселесі бойынша арнайы кеңес өтеді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек