- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Ауыл әкімдерінің форумы
Жетісуда тұңғыш рет ауыл әкімдерінің форумы өтті
Amanat партиясының бастамасымен Жетісу облысының орталығы Талдықорған қаласында ауыл әкімдерінің басын қосқан форум өтті.
Жиынның басты мақсаты - мемлекет пен қоғам алдында тұрған, ауыл халқын толғандырып отырған өзекті де өткір мәселелерді бірлесіп ашық талқылау, олардың шешу жолдарын іздеу.
Басқосуға Жетісу облысы әкімінің бірінші орынбасары Әлібек Жақанбаев және орынбасары Диас Есдәулетов, Amanat партиясы орталық аппаратының басшысы Мәди Оспанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Болат Керімбек, басқарма басшылары мен аймақтағы 113 ауылдық окургтің әкімдері қатысты.
Алғаш ұйымдастырылған форум партияның сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру, ауыл-аймақтардың әлеуметтік-экономикалық дамуы, ауыл әкімдерінің сайлауы және олардың атқарар жұмыстарының негізгі мәселелерін талқылауға арналған алаңға айналды.
Әлібек Жақанбаев қоғамдық-саяси тұрақтылықты және орнықты дамуды қамтамасыз ету әкімдердің басты міндеті екеніне тоқталды.
"Облыс экономикасын одан әрі дамыту мен халықтың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау үшін біз бірлескен, тиімді жұмыстың арқасында өңірдің әл-ауқатын жақсартудағы міндеттерге қол жеткізе алатынымызға сенімдіміз", - деді облыс басшысының бірінші орынбасары Әлібек Жақанбаев форумның ашылу рәсімінде.
Осы орайда Amanat партиясының аппарат басшысы Мәди Жарылқасынұлы жергілікті атқарушы биліктің жауапкершілігі жоғары болуға тиіс екенін тілге тиек етті.
"Ауыл әкімдерінің форумы қазіргі уақытта еліміздің барлық аймақтарында өтуде. Форумда айтылған ұсыныстар мен идеялар, тың бастамалар Amanat партиясының атынан сайланған ауыл әкімдерінің табанды жұмысы мен кәсіби шеберлігіне жаңа серпін береді деп есептеймін. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл әкімдерін тікелей сайлау жүйесін енгізгеннен бері жыл сайын халық елді мекен басшыларына қатысты өз таңдауын жасап келеді. Өңірде 2021 жылдың шілдеден бастап 113 ауыл әкімдерінің сайлауы өткізілді, оның ішінде партиядан ұсынылған 111 (98%) кандидат жеңіске жетті. Бұл - біздің бағдарламаларымыз бен бастамаларымызға деген халық сенімінің айқын дәлелі", - деді Мәди Оспанов.
Amanat партиясы елді мекендердегі кәсіпкерлікті дамытуға, экономикалық ахуалды арттыруға баса назар аударуда. Дәл осы мақсатта форум барысында "Қарызсыз қоғам", "Құқықтық көмек" жобаларының және Жол картасы аясында жүзеге асып жатқан жетістіктер талқыланды.
Мәселен, "Қарызсыз қоғам" жобасын іске асыру үшін облыс орталығында жобалық кеңсе ашылып, осы жылдың 5 ақпанынан бастап Жетісу облысының барлық аудан, қалаларында 7300 адам оқытылды.
Биыл өңірде 349,3 мың шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланған, 8 айда 150,2 мың шаршы метр немесе 43% тұрғын үй пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін 4117 үй беріліп, тұрғын үй кезегі 14%-ға төмендейді. Облыста орталықтандырылған сумен қамту деңгейі 91,1%. Облыстық деңгейдегі 182 шақырым және 54 елді мекеннің ішкі жолдары жөнделіп, Балқаш көліне дейінгі 132 шақырым жолдың 117 шақырымына асфальт төселген.
Ауылдық әкімдер форумның ұйымдастырылуы өздері үшін пайдалы болғанын айтады.
"Халықтың партия мен атқарушы билікке деген сенімі сайлауалды уәделердің орындалуымен тікелей байланысты, сондықтан оларды уақытылы және сапалы орындау - баршамыздың басты міндетіміз. Шалғайдағы ауыл әкімдерінің жұмысына әртүрлі бағыттар бойынша әдістемелік қолдау қашанда қажет. Бүгінгі жиында өз жұмысымды жүйелі ұйымдастырудың тағы да бір қырын игердім", - деді Панфилов ауданы Үлкенағаш ауылдық округінің әкімі Ермек Нұрахметов.
Форум аясында панелдік сессиялары да ұйымдастырылды. Онда ауыл әкімдері Amanat партиясының Сайлауалды бағдарламасын іске асыру, партиялық жобаларды ілгерілету, қызметті кәсібилендіруге негізделген мемлекеттік қызметтің жаңа принциптер мен қадамдар, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, мемлекеттік сатып алуды іске асыру, агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік қолдаудың қолжетімді тетіктерін қалыптастыру, кәсіпкерлікке қолдау көрсету және инвестиция тарту шаралары, қоғамдық-саяси ахуал және бұқарамен жұмыс істеу секілді түрлі бағыттарда арнайы мамандардан дәріс алды.
Материалды Жетісу облысының әкімдігі ұсынды
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
М. Лұқпан