Жетісуда жол апатынан бір адам қаза тауып, үшеуі жарақат алды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Жол апаты Алакөл ауданында 27 қазанға қараған түні болған. Алматы - Өскемен тасжолының 507-шақырымында 26 жастағы жүргізушісі рөлді басқара алмай, нәтижесінде көлік аударылып кетті. Оқиға орнынан Үшаралдағы ауруханаға түрлі жарақаттармен жүргізуші мен 1965, 1988, 2001 жылы туған үш әйел жеткізілді. Олардың бірі реанимация бөлімінде қайтыс болды. Полицейлер жол апатының мән-жайын анықтап жатыр.
Бұл дерек бойынша қажет сараптамаларды тағайындай отырып, ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабының 3-бөлігінде көзделген тергеу амалдары басталды.
Биыл Жетісу облысы арқылы өтетін Алматы - Өскемен автожолының учаскесінде 80 ЖКО болды, онда 50 адам қаза тауып, 160-тан аса адам түрлі жарақат алды.
Аймақ полициясы жүргізушілерді автожолдарда қырағылықты күшейтуге, жылдамдық режимін қатаң сақтауға шақырады.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз