Жетісуда аю іздестіріліп жатыр: құтқарушылар тұрғындарға ескерту жасады

Жетісуда аю іздестіріліп жатыр: құтқарушылар тұрғындарға ескерту жасады
Фото: Видео кадры

Жетісу облысында Сарыөзек ауылына кіріп кеткен аюды іздеу жұмыстары екінші күн қатарынан жалғасып жатыр. Осы уақытта әлеуметтік желілерде өлтірілген аюдың суреті тарады, ал жергілікті билік бұл ақпаратты жоққа шығарды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ауыл ішінде жүрген аюдың видеосын жергілікті тұрғындардың бірі әлеуметтік желіге жүктеген. Кадрдан ер адамның көлікпен жануардың соңынан ергенін көруге болады. Алайда аю тар көшелердің біріне кіріп, көзден таса болған.

Жергілікті билік видеоның рас екенін растап, жануарды іздестіру жұмыстары жүріп жатқанын мәлімдеді.

Назар аударыңыз! Видеода бейәдеп сөздер бар!

Instagram-дағы бұл жарияланымды көру

Кертаев Айдос (@krisp.tdk) жарияланымы

Ауыл тұрғындарынан дүрбелеңге салынбай, аюды табуға көмектесу сұралды. Іздеу жұмыстары қас қарайғанша жүргізілгенімен, әзірге нәтиже болмаған.

Осы уақытта әлеуметтік желілерде өлтірілген аюдың суреті тарай бастады. Кербұлақ ауданы әкімдігі бұл фотолардың шындыққа жанаспайтынын хабарлады.

"Өлтірілген аюдың суреті туралы ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Бұл кескін жасанды интеллект көмегімен жасалған. Қазір жануарды іздеу жұмыстары жалғасып жатыр", — делінген Кербұлақ ауданы әкімдігі таратқан ақпаратта.

Жануарды табиғатты қорғау полициясы мен ТЖД қызметкерлері, орман шаруашылығы, әкімдік және ветеринариялық қызмет мамандары іздеп жатыр.

Жетісу облысы әкімінің кеңесшісі Мәди Шәкеновтің мәліметінше, іздеу жұмыстары тағы бірнеше күнге созылады.

"Егер аю табылмаса, ол өз еркімен табиғи ортасына оралды деп есептеледі. Тұрғындардан түрлі болжам таратпай, тек ресми дереккөздерге сенуді сұраймыз. Іздеу нәтижелері туралы азаматтарға міндетті түрде хабарланады", — деді Мәди Шәкенов.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

С. Бөлек
Logotype Massaget